Патрульдік полицейдің бір күні

ҚазАқпарат тілшісі бір күн бойы қаламын қойып, форма киіп сақшыға айналды. Патрульдік полицейлермен қатарласа жүріп, жұмыстың ауыртпалығын сезінді.
Үш ауысымда жұмыс істейді
Өскемен қалалық Полиция басқармасына таңғы сағат 6-да келдік. Осы уақыттан полицейлер киімдерін киіп, арнайы құралдарды ала бастайды. Оның ішінде бейнетіркеуіш, электрошокер, резеңке таяқ және рация бар. Ал бронды кеудеше, газ баллоншасы мен кісенді әр сақшы өзімен бірге алып жүреді.
Тапанша қару-жарақ бөлмесінен беріледі. Әр сақшының қолына екі оқжатар ұстатылады. Біреуінде 8 оқтан.
Бес қаруы сайланған патрульдік полицейлер сағат 07.00-де саптық жиында тұруы тиіс. Жиын барысында бәрі түгенделіп, қызметтік куәліктері, планшеттері тексеріледі. Одан кейін тапсырмалар беріліп, жоғалып кеткен адамдар, іздеуде жүрген қылмыскерлер жайлы бағдарлар, қала, облыс аумағында өткізіліп жатқан жедел алдын алу шаралары туралы айтылады.
Саптық жиыннан соң патрульдік полиция батальоны командирінің бірінші орынбасары Ғабит Әбеновпен азды-кем әңгімелестік.
«Патрульдік полиция қызметкерінің басты міндеті – қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету, жол ережелерінің бұзылмауын қадағалау. Олар 3 ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым – 00.00-08.00, екінші ауысым 08.00-16.00, үшінші ауысым 16.00-00.00. Ас ішер уақыт нақты белгіленбеген. Жұмыс барысына қарай босаған кезде 30 минут ішінде тамақтанады. Мейрам күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әскерге барып келген, жоғарғы оқу орнында немесе колледжде «Заңгер» мамандығын оқып шыққан адам қатарымызға қабылданады. Ай сайын төленетін жалақы мөлшері шамамен қолға – 230 мың теңгедей. Еңбек өтіліне байланысты өсіп отырады. Ерлік жасаған, елдің алғысын арқалаған сақшыларға қаржылай сыйақы бар», - деді ол.
Ғабит Әбеновтің айтуынша, пәтерақы да қарастырылған. Адам басына 27 мың теңгеден беріледі. Мәселен, әйелі, екі баласы бар полицей айына еңбекақыдан бөлек 108 мың теңге алады.
«Шақыртулар әртүрлі болады. Тәжірибе көрсеткендей, қылмыстың көбі арақтан кейін жасалады. Ішімдік ішкен адам не өзі заңсыз әрекетке барады, не жәбірленушіге айналады. Төбелес шығарып, біреудің затын тартып алып, ұрлық жасайды. Жол ережелерінің бұзылуына қатысты айтар болсақ, біз күн сайын талдау жүргіземіз. Негізінен жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол бермей, рульде отырып телефон пайдаланып, жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кетіп жатады. Түнгі уақытта көлікті мас күйде тізгіндейтіндер де аз анықталып жатқан жоқ», - деді батальон командирінің бірінші орынбасары.
Әке жолын қуған сақшы
Содан соң ол бір күн бойы біз бірге жүретін полицейлермен таныстырды. Мейрамбек Құрманғалиев пен Медет Нұрқасымов Аблакетке кентін патрульдейді. Екеуінің иықтаса қызмет істеп жүргеніне 1 жылдан асқан. Көлікке отырып, сол кентке қарай бағыт алдық. Жолай олардың осы салаға қалай келгенін сұрап көрдім.
«2001 жылы 3 айлық арнайы курсты бітірген соң полиция қызметкері атандым. Сол уақыттан бері үздіксіз қызмет етіп келемін. 2001-2006 жылдары патрульдік полицей, 2006-2013 жылдар аралығында МАИ қызметкері болдым. 2013 жылдан бастап осы уақытқа дейін қайтадан патрульдік полиция қатарындамын. Құқық қорғау органының басқа салаларына ауысуға ұсыныстар түскен. Алайда бұл жұмысым өзіме ұнайды. Көше патрульдеп, шақыртуларға бірінші болып барып, елге көмегімді тигізгім келеді», - дейді 42 жастағы Мейрамбек Құрманғалиев.
Тісқаққан тәжірибелі сақшының 4 баласы бар. Екеуі ұл, екеуі қыз. Үлкен ұлы 18-де, кенже қызы 2-ден асты. Әйелі қаладағы университеттердің бірінде декан.
Ал 28 жастағы Медет Нұрқасымовтың әкесі полиция қызметкері болған екен. Талай жыл Тарбағатай ауданында учаскелік полицей болып еңбек еткен.
«Осы мамандыққа бет бұруыма сол әсер етті. Бала күнімнен әкемнің бастан кешкен түрлі оқиғаларын естіп өстім. 2018 жылдан бері патрульдік полицей болып қызмет етіп келемін. Әрине, басында оңай болған жоқ. Әсіресе жұмыс кестесіне икемделу ауырға соқты. Қазір етіміз үйреніп, қалыптасып қалдық», - дейді ол.
Алты жылдай дзюдомен айналысқан полицей әркез спортты жанына серік етеді. Шаңырақ көтергеніне көп болмаған. Үй шаруасындағы әйелімен бір ұл тәрбиелеп отыр.
Көше патрульдеу басталды
Көп ұзамай Аблакеткаға да жеттік. Бұл кенттің аумағы 8 шақырымдай. Сағат 08.00-де бірінші бақылау нүктесі – «Болашақ» дүкеніне тоқтадық.
«Барлығы осындай 3 нүкте бар. Бақылау нүктесі дегеніміз – көшелерді патрульдеп жүріп тоқтайтын орын. Әр сағат сайын келесі нүктеге жетіп отыруымыз қажет. Сағат 9-да – «Ермак» дүкені, 10-да – су электр станциясы бақылау нүктелері», - деп түсіндірді сақшылар.
Содан соң ары қарай көше патрульдеуге кеттік. Сағат 08.10 шамасында Геологический көшесінде қараусыз жайылып жүрген жылқылар көзге түсті. Рациямен учаскелік инспекторға хабар берілді.
Сағат 08.28-де жарық шамын жақпай келе жатқан «Daewoo Matiz» автокөлігі тоқтатылды. Рульде отырған ер адамға ескерту жасалды.
«Қызметтік көлік үстіне орнатылған «Циклоп» аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы үнемі бейнежазба жүргізіліп отырады. Оның камерасы 360 градусқа бұрылады. Қараңғыланған терезенің арғы жағын да түсіреді. Сол арқылы ереже бұзған жүргізушінің кінәсін дәлелдейміз», - дейді Медет Нұрқасымов.
Алда жаңа оқу жылы таяп келе жатқандықтан полицейлер халыққа балалардың жол қозғалысы ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сағат 09.30 шамасында көлік жүргізушілерінің біріне жадынама берілді.
Бір уақытта шақырту түсті. Рация арқылы Буров көшесінде әйел адамның көлігін белгісіз біреудің өткір затпен сырып кеткені хабарланды. Дереу сол жаққа аттандық. 2-3 минут ішінде діттеген жерге де табан тіредік.
«Кеше түнде жұмыстан келіп, көлігімді үйдің ауласындағы тұраққа қойдым. Сағат 10-ға қарай тұрып, сыртқа шықсам көлігімнің екі есігінде осындай із тұр. Жауласып жүрген ешкімім жоқ. Кім болуы мүмкін екенін де білмеймін», – деді әйел.
Полиция қызметкерлерімен бірге көпқабатты үй тұрғындарынан сұрастырдық. Көрген-білген ешкім жоқ екен. Өкінішке қарай, үй ауласына бейнебақылау камерасы орнатылмаған. Бір қызығы, бірнеше апта бұрын дәл сол үйде тұратын басқа адамның көлігін осылай сырып кетіпті. Кім екені әлі күнге дейін анықталмаған.
Біраздан соң учаскелік инспектор келді. Жинаған барлық ақпаратты соған айттық та көлігімізге қайта міндік.
Сағат 10.57-де ресейлік нөмірлі «Mazda» автокөлігінде жүргізушінің қасындағы орындықта отырған әйелдің алдына баласын мінгізіп алғаны байқалды. Оларға балаға арнайы орындық қажеттігі түсіндіріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
Осыдан кейін «Ертіс 2» саяжай қауымдастығына барып бақылау жасалды. Себебі саяжайда мас күйде көлік тізгіндейтіндер болуы әбден мүмкін. Оның үстіне, ұрлыққа түсетіндер де кездеседі. Бірақ бұл жолы онда ешқандай ереже бұзушылық пен қылмыс тіркелмеді.
«Жұмыстан тыс уақытта қолыма домбыра алып «әу» дейтінім бар. Қазақтың түгел дерлік күйлерін шерте аламын. Полиция департаментінің хорына да қатыстым. 5 жыл бұрын елордада өткен республикалық хор байқауында Гран-при иеленіп қайтқан едік», - дейді Мейрамбек Құрманғалиев.
Сағат 11.24-те транзиттік нөмірмен жүрген «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігі тоқтатылды. Мұндағы мақсат – көлік құралын басқарудың заңдылығын тексеру. Тексеру кезінде заңбұзушылық анықталған жоқ.
Түскі астағы әңгіме
Сағат 12.00-де түскі ас ішейік деп кенттегі асханалардың біріне бас сұқтық. Алдымыздағы тамаққа қасықты үш-төрт рет салып, шайды сораптап отырғаным сол еді, екі сақшы да ас-суларын түгел тауысып тастапты. Айналасы 10 минуттың ішінде. Неге осыншама тез ішкенін сұрағанымда, олар «Кез келген уақытта шақырту түсіп қалуы мүмкін ғой. Сол үшін жылдам ішіп үйреніп алғанбыз. Кейде тіпті тамағымыздан дәм татып үлгермей кететін кездер де болады» деп жауап берді.
Біз ішіп-жеп тауысқанша полицейлерден қызмет барысындағы қызықты оқиғаларын айта отыруға қолқа салдық.
«Шамамен 6 жыл бұрын Согра кентіндегі жер үйде түнгі уақытта өрт шықты. Хабар түсісімен шұғыл келіп жеттік. Сол кезде көрші үйдегі азамат алдымыздан жүгіріп шығып «іште адам болуы мүмкін» деді. Өрт сөндірушілер әлі келмеген. Әріптесіміз екеуіміз ойланбастан үйге кірдік. Сөйтсек, бөлмелердің бірінде 50-55 шамасындағы еркек ес-түссіз жатыр екен. Көтеріп, сыртқа алып шықтық. Осылайша, ол аман қалған-тұғын», - дейді Мейрамбек Құрманғалиев.
«Қызметтік қаруды қолданған сәттер болды ма?» деп сауал қойғанымызда мас күйде көлік тізгіндеп, тоқтамай қашқан жүргізушіні қуғандарын есіне алды. Дөңгелекке тапаншамен оқ атып барып қана оны қолға түсіріпті.
Ал Медет Нұрқасымовтың құқық қорғау органына қызметке келгеніне көп болмаса да бастан кешкені аз емес екен. 2020 жылы оған отбасылық кикілжің жайлы хабар түскен.
«Айтылған мекенжайға келіп жеттік. Белгілі болғандай, арақ ішкен еркек әйеліне күш көрсеткен. Үй ішіне кірсек ер адам ас бөлмеде қолына пышақ ұстап тұр. Сабырға шақырып жатқаным сол еді, қаруын сілтей жөнелді. Пышақтың ішіме кіруіне 2 сантиметр ғана қалды ғой деймін. Әйтеуір, бетіне газ шашып үлгердім. Одан кейін қолына кісен салып, алып кеттік», - дейді ол.
Бірде полицейдің денесі өзінен екі есе ірі бұзақымен айқасқа түскені бар. Масайған алып азамат айтқанға бағынбай, жағадан ала кеткен. Сонда ол арқасына қарғып шығып, мойнынан қысып жерге құлатып тыныштандырыпты.
Жолда жатқан адам
Түскі астан кейін көшені патрульдеуге қайта шықтық. Сақшылардың міндеті жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету дедік қой. Ал қауіпсіздікке тек адам ғана емес, жолдың нашар жағдайы, жол белгісінің ағаш жапырағынан көрінбей тұруы да теріс әсер ететіндігі анық. Осы ретте, патрульдік полицейлер көше жол желісіне қатысты кемшіліктерді де жазып отырады. Бүгін Аблакеткаға апарар жолдағы шұрық тесіктер фотоға түсіріліп, ақпарат батальон басшылығына жолданды. Ары қарай бұл деректер құзырлы органға жіберілмек.
Сағат 13.15-те патрульдеу барысында рульде отырып телефонмен сөйлесіп келе жатқан «Audi A6» автокөлігінің жүргізушісі көзге түсті. ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы 1-бөлігіне сәйкес оған әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сағат 13.49-да жолды жаяу жүргіншілерге өтуге рұқсат етілмеген жерден қиып бара жатқан зейнеткерді байқап қалдық. Қарт әйелге жол ережесі түсіндіріліп, жасын ескеріп ауызша ескерту жасалды.
Кенет сағат 14.30-ға таман Станислав көшесі, 12 мекенжайының алдындағы жол жиегінде жатқан адамды көрдік. Жалаң аяқ, қимыл-қозғалыссыз жатқан еркекті асыққан жүргізушілердің бірі басып кетіп жазым етуі де әбден мүмкін! Әлде басып кеткен де шығар! Тірі жатыр ма, өзі?!
Дереу тоқтап, қасына бардық. Полицейлер тамырын басып тексерді. Аман екен.
Ер адамнан спиртті ішімдіктің иісі мүңкіп тұр. Ащы суды біраз сілтегенге ұқсайды. Оятып көріп едік, тұрмайды. Бірақ оны көлікке салып, айықтырғышқа апармас бұрын денсаулығын тексеріп алу керек. Сол үшін жедел жәрдем шақыртылды.
Сәлден соң келген медицина қызметкерлері оны мұқият тексеріп, патрульдік полицейлерге айықтырғышқа алып кетуге болатындығын айтты.
Қаладағы жалғыз айықтырғыш дәл осы кентте орналасқандықтан оған жету көп уақытты алмады. Мас адам есін толық жиғанша сонда қамауға алынды.
«Әйелім қызметіме түсіністікпен қарайды. Әркез қолдап отырады. Бауыр еті баламыз биыл ғана дүниеге келген. Жұмыстан келіп оның маңдайынан иіскегенде шаршағанымның бәрін ұмытамын», - дейді Медет Нұрқасымов.
Сағат 15.13-те планшеттегі «Қорғау» бағдарламасы арқылы жолда келе жатқан «Chevrolet Lacetti» көлігінің техникалық байқаудан өтпегені анықталып, бірден тоқтатылды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сағат 15.35-те «Toyota Land Cruiser Prado» автокөлігі тоқтатылды. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі бойынша бес АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Шақыртулар түнгі ауысымда көбейеді»
Көзді ашып-жұмғанда бүгінгі жұмыс күні де аяқталуға таяп қалыпты. Патрульдік полицейлерден «Кейде шақыртулар осылай аз бола ма?» деп сұрадым.
«Әр күні әрқалай ғой. Біз үш ауысыммен жұмыс істейміз. Он күн сайын келесі ауысымға ауысып отырамыз. Негізінен түнгі уақытта шақырту көп түседі. Сол кезде отбасылық кикілжің, дәмханалар мен түнгі клубтарда төбелес болады. Сіз келесі жолы бізбен бірге түнгі ауысымға түсіп көріңіз. «Қызықтың» бәрі сонда», - деп ұсыныс жасады сақшылар.
Сағат 16.00-де Полиция басқармасына келдік. Полиция қызметкерлері көлікті тұраққа қойып, арнайы құралдары мен тапаншаларын өткізіп, киімдерін ауыстырды. Үйдегі бала-шағасына асыққан бүгінгі әріптестеріме рахметімді айтып, жылы қоштастым.
P/s:
Осылайша патрульдік полицейдің бір күні қалай өтетінін бастан кешірдік. Еліміздің әр түкпірінде күн-түн демей халықтың тыныштығын күзетіп жүрген сақшылар талай адамның жанын ажалдан арашалап жүргені ақиқат. Басымызға іс түссе бірінші іздейтініміз де – осы полицейлер. Сол үшін олардың жұмысына түсіністікпен қарап, құрметтей білейік.