«Павлодар» ӘКК азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қабілетсіз болып шықты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның жұмысына облыс билігінің көңілі толмай отыр. Айтуларынша, компанияның бағаны реттеу бойынша қабылдаған жүйелері әлсіз.

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік бағасының өсу қарқынында ең төменгі көрсеткішті сақтап отыр
Фото: gov.kz

Өңір басшысы Асайын Байханов «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бірқатар бағыт бойынша төмен нәтиже көрсетіп отырғанына назар аударды. ӘКК-нің басты міндеттерінің бірі - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру. Алайда қазіргі уақытта қабылданып жатқан шаралардың жүйелі әсері байқалмай отыр.

- Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша нәтиже күтілген. Өкінішке қарай, бүгін біз қабылданып жатқан шаралардың жүйелі әсерін көріп отырған жоқпыз. Сонымен қатар мен әрбір бағыт бойынша тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) анықтауды тапсырдым. Сонымен қатар құрылыс мерзімдерін сақтау мәселелері де бар. Мердігерлік ұйымдардың жұмысын бақылаудың әлсіздігі және жұмыстарды орындау мерзімдерінің сақталмауы кездеседі. ӘКК тарапынан құрылыс жобаларының іске асырылуына бақылауды күшейтуді қажет, - деді Асайын Байханов.

Корпорацияға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр 2,6 миллиард теңге бөлініп, оның 1,8 млрд теңгесі игерілген. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 10 млрд теңге игерілді. Сондай-ақ, жыл ішінде ӘКК қатысуымен жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге екі инвестициялық жоба іске асырылды. Бұдан басқа, АӨК саласына 4 млрд теңгеге несие берілген.

Ал өңірдің тұрақтандыру қоры 2,3 млрд теңгеден астам сомаға 11,1 мың тонна азық-түлік қорын құрып отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірде 203 серіктес дүкен жұмыс істейді.

Бұған дейін Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің баға индексі қалай өзгергені туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар