Павлодар әуежайы ұшу-қону жолағы жаңғыртылғаннан кейін ұшақтарды қабылдай бастады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар әуежайы Астанадан алғашқы әуе рейсін қабылдады. Қазірдің өзінде Астана және Алматы қалаларымен тұрақты әуе қатынасы толықтай қалпына келтірілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын дамыту және өңірлердің өзара байланысын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Павлодар қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ұшу-қону жолағы қажетті сертификаттаудан өтіп, тұрақты әуе қатынасы толықтай қалпына келтірілді.
Әуежайдың толыққанды жұмысын қайта бастау үшін барлық рұқсат құжаттары алынған. Әуелі 17 тамызда авиациялық қауіпсіздік қызметі сертификатталса, 21 тамызда әуежайға жарамдылық сертификаты берілді.
Қайта жаңғырту жұмыстары ICAO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес жүргізілді. Әуежай 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап жабылып, ұшу-қону жолағының ені 45 метрден 60 метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар жарық-сигнал беру жабдықтары, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері жаңартылып, әуежай аумағының периметрі бойынша жаңа қоршау орнатылды. Жобаға жалпы 16,4 млрд теңге бағытталса, оның ішінде 9,3 млрд теңге арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен бөлінген.
Бұдан былай Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы Павлодар — Астана бағыты бойынша аптасына төрт рет, ал FlyArystan әуе компаниясы Павлодар — Алматы бағыты бойынша күн сайын рейстер орындайды.
Облыс әкімі Асайын Байханов қайта ашылған нысанның жұмыс барысымен және оны одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.
— Біз бұл сәтті асыға күттік. Ең бастысы — тұрақты рейстерді қайта қалпына келтірдік. Бүгінде әуе кемелері Павлодарды Астана және Алматы қалаларымен байланыстырып отыр. Енді облыс тұрғындарының іскерлік сапарлары мен саяхаттарына барынша мүмкіндік жасау үшін әуе бағыттарын кезең-кезеңімен ұлғайтатын боламыз, — деді өңір басшысы.
Қазіргі уақытта әуе бағыттарын кеңейту жұмыстары жалғасып, SCAT әуе компаниясы Ақтау, Шымкент және Ақтөбе бағыттарына рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Халықаралық бағыттар бойынша Centrum Air әуе компаниясымен Павлодар — Ташкент бағыты бойынша 2027 жылғы наурыздан бастап рейстер ашу туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ Мәскеу, Новосібір, Үрімші, Анталья және Шарм-эль-Шейх бағыттары зерделеніп жатыр.
Келесі кезеңде әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба ұшу залын кеңейтуді, оның өткізу қабілетін сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін арттыруды, ішкі және халықаралық рейстердің жолаушылар ағынын бөлуді, жүктерді өңдеу мен тексерудің автоматтандырылған жүйесін орнатуды, телескопиялық траптары бар екі галерея салуды көздейді. Терминалды қайта жаңғырту кезінде де тұрақты рейстерді орындау тоқтатылмайды.
Облыс әкімінің айтуынша, басты мақсат — әуежайды өңірдің заманауи, қолайлы әрі бағыттар таңдауы бар толыққанды әуе қақпасына айналдыру және оның транзиттік әлеуетін арттыру.
Еске сала кетейік, Павлодар әуежайы 2025 жылы 1 сәуірден жөндеуге жабылған еді.
Былтыр күзде ашылады деген нысандағы жөндеу жұмыстары қаржы жеткіліксіздігіне байланысты бір жылға ұзарды.
Кейін Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен қайта жаңғыртылатыны белгілі болды.
Жөндеуден соң Павлодар әуежайының өткізу қабілеті 300 жолаушыға дейін артатынын хабарлағанбыз.