Павлодар әуежайын жаңартуға қаражат жетпей жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар әуежайындағы жөндеу жұмыстары биыл аяқталмауы мүмкін. Себебі, ұшып-қону жолағы толық дайын болу үшін тағы 9,3 млрд теңге керек.

Павлодар әуежайы
Фото: Kazinform

Павлодар әуежайы 2006 жылдан бері жөндеу көрмеген. Оны халықаралық талаптарға сай ету үшін жаңарту жұмыстары қажет. Былтырдан бері Павлодарға ұшақ қатынамайды.

Ал әуежайдағы ұшып-қону жолағын кеңейтіп, жаңартуға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған болатын. Былтыр 4,8 млрд бөлініп, оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Биыл небәрі 2,3 млрд теңге берілді. Әзірге жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бірақ қаржы бөлінбесе тоқтауы әбден мүмкін.

— Қазіргі таңда бізге жобаны аяқтау үшін 9,3 млрд теңге қажет. Арнайы бюджеттік өтінім Көлік министрлігіне жіберілді. Биылға 2,3 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражатқа және мердігер өз қаражатын қосып жұмыстарды жалғастырып жатыр, — дейді өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.

Бұған дейін Павлодар әуежайын жаңартуға облыс бюджетінен қосымша 673 млн теңге бөлінгенін туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар