Павлодар әуежайын жаңартуға облыс бюджетінен қосымша 673 млн теңге бөлінді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар әуежайы 2006 жылдан бері жөндеу көрмеген. Оны халықаралық талаптарға сай ету үшін жаңарту жұмыстары қажет.

Павлодар әуежайын жаңартуға облыс бюджетінен қосымша 673 млн теңге бөлінді
Фото: Валерий Бугаев

Мамандар есептей келе, әуежайды толықтай жаңарту жобасына 16 млрд 400 млн теңге қажет деген шешімге келген. Өткен жылы 4,8 млрд теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған.

— Жөндеу жұмыстары 1 сәуірден басталған. 1 қарашаға дейін Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын кеңейту және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Реконструкциялау жұмыстары жолаушылар әуе тасымалы қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға, ұшуға жарамдылық сертификатын алуға, сондай-ақ, әуе айлағының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жұмыстар аяқталғаннан кейін әуежай үлкен әуе кемелерін қабылдай алады және жүк тасымалы көлемін арттыра алады, — деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Жақында облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңір қазынасынан реконструкция жұмыстарына қосымша тағы 673 млн теңге бөлінетіні мәлім болды. Бұған дейін жаңарту жұмыстарына 1 млрд 584 млн теңге бөлініп, оның 967 млн теңгесі облыс бюджетінен алынған еді. Осылайша жергілікті бюджет қазірдің өзінде жобаны 1,6 млр теңгеге қаржыландырып отыр.

Еске сала кетейік, Павлодар әуежайы биыл 1 сәуірден жөндеуге жабылғаны туралы хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар