Павлодар базарының жетекшісіне сатуға шығарылатын етті қабылдау ережесін бұзғаны үшін 560 мың теңге айыппұл салынды

деп хабарлады Павлодар облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Сәкиев.
«Сібір жарасынан екі адам қаза тауып, ал карантин жарияланған Ақсу ауылдық аумағындағы ауылда сойылған жылқы еті базарда ешқандай құжатсыз қабылданған», - деп атап өтті Қ.Сәкиев. Базарда сатылған ет жұқпалы екендігі анықталып, тәркіленді. Алайда еттің жартысы павлодарлық нан-тоқаш комбинатының аумағындағы жалдамалы дүкенге сату үшін жеткізіліп үлгерілген. Санитарлық дәрігерлер еттің мол мөлшерін тәркілегенімен, сегіз келі ет табылмады. Жылқы етін құжатсыз қабылдаған дүкен директорына айыппұл салынды.
Бас санитарлық дәрігер сібір жарасынан көз жұмғандардың саны екеуден көп деген сөзді жоққа шығарды. Ауруханада сібір жарасын жұқтырған төрт адам ем қабылдап жатыр, бесеуінің диагнозы әлі анықталмаған.