Павлодар дүкеніндегі арандатушылық: сот кінәлі әйелге айыппұл салды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар соты дүкенге «Тек қана орысша қызмет көрсетеміз» деген жазуларды жабыстырып, оны әлеуметтік желіге жүктеген әйелдің ісін қарады. Сот шешімімен айыпталушы 55 048 теңге айыппұл төлейтін болды.

Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта ұсақ бұзақылық дерегі бойынша іс қаралды.
Белгілі болғандай, биылғы 16 қаңтар күні әйел Лермонтов көшесіндегі дүкеннің кіреберіс есігі мен витринасына «Тек қана орыс тілінде қызмет көрсетеміз» деген мазмұндағы хабарландыру жабыстырған. Осылайша ол қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, басқаларға құрметсіздік танытатын әрекеттер жасаған.
Тұрғынның кінәсі оның айтқан сөздерімен, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, сондай-ақ істің басқа материалдарымен дәлелденді. Бұл ретте әйел өз кінәсін толық мойындады және өкініш білдірді.
– Сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әйел адамды кінәлі деп таныды. Оған 55 048 теңге сомасында айыппұл тағайындалды, - деп хабарлады қалалық соттан.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлдебіреулер Лермонтов көшесінде орналасқан дүкеннің есігіне және сөресіне орыс тілінде «Тек қана орысша қызмет көрсетеміз!» («Обслуживаем только на русском!») деп жазылған қағазды жапсырып, оны телефон камерасына түсіріп, кейін әлеуметтік желіге жүктегені туралы жазғанбыз.
«Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай көпшіліктің арандатушылыққа еріп кетпеуін сұрады.
Полиция әйелді жауапқа тартып, ісін сотқа жолдады.