Павлодар фермерлері қысқа 628 мың тоннадан астам өнім дайындады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңір фермерлерінің қоймасына қысқы мезгіл үшін 528,3 мың тонна картоп пен 99,7 мың тонна көкөніс салынды. Бұл өнімдердің басым бөлігін келер жылдың мамырына дейін сақтауға мүмкіндік бар.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста жалпы сыйымдылығы 628 мың тонна 160 көкөніс сақтау қоймасы бар. Олардың 80 пайыздан астамы заманауи жабдықтармен және климаттық бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Қоймалар алдағы қыс-көктем маусымына толық жүктелген.
Ірі көкөніс сақтау орындары Павлодар, Железин, Ақтоғай аудандарында, Ақсу қаласының ауылдық аймағында орналасқан.
Биыл Ертіс-Баян өңірінің көкөніс өсірушілері бір миллион тоннадан астам картоп жинады. Облыс халқының картопқа деген жылдық қажеттілігі — 75 мың тонна. Яғни биыл жиналған өнім бұл сұраныстан 12 есе асып түскен. Соған орай өнімнің едәуір бөлігі облыстан тыс жерлерге де жөнелтіліп жатыр. Қоймада сақталып тұрған өнім қыс бойы өзге өңірлерге сатылады.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында тұрақтандыру қорындағы көкөніс сатуға шығарылды.