Павлодар ғалымдары XIII-XIV ғасырларға тән ақсүйек әйелдің бас киімін зерттеп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған күміс бас киімге технологиялық зерттеу жүргізіп жатыр.
1959 жылы табылған бірегей күміс бас киім – «Бокка» ғылыми зерттеу нысанына айналған. Зерттеу жұмыстары көне зергерлердің шеберлігін зерделеуге, жәдігердің жасалу технологиясы мен ықтимал шығу тегін анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандар рентгендік-флуоресценттік талдау әдісі арқылы металдың құрамын анықтап, бұйымның жасалу ерекшеліктері туралы жаңа ғылыми деректер жинауды жоспарлап отыр. Алдын ала талдау нәтижелері бойынша бұйым құрамындағы күмістің үлесі шамамен – 97 пайыз. Бұл көрсеткіш сол кезеңдегі металды өңдеу мен тазарту технологияларының деңгейін зерттеуге мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде ғалымдар бас киімнің жасалу тәсілдерін зерделеп, оның жұқа әрі нәзік құрылымын қалыптастыруда қандай технологиялар қолданылғанын анықтамақ.
Жәдігердің бүгінгі күнге дейін сақталуы да зерттеушілердің назарын аударып отыр. Табиғи-климаттық жағдай әсерінен күміс бұйымдар уақыт өте келе бүлінуі мүмкін. Ал бұл бас киімнің кейбір бөліктерінің қалыңдығы небары бірнеше миллиметр.
Мамандардың бағалауынша, Қазақстан мен оған іргелес өңірлерден осы кезеңге жататын ұқсас бұйымдардың әзірге табылмауы да оның ғылыми құндылығын арттыра түседі. Музей мен Марғұлан университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық жәдігерді жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Металл құрамын анықтаумен қатар ғалымдар бас киімнің ықтимал шығу тегін де зерделемек.
Талдау нәтижелері мүмкіндік берген жағдайда бұйымды жасауға пайдаланылған күмістің шикізат көзі мен кен орнын анықтау мәселесі де қарастырылады. Заманауи ғылыми әдістер өткен дәуірлердегі технологиялық жетістіктерді де тереңірек түсінуге жол ашады.
Аталған бас киім туралы бұған дейін егжей-тегжейлі жазғанбыз. Ертіс бойын мекендеген ежелгі ата-бабаларымыз бас киімнің әшекейлеріне ерекше мән бергені байқалады.