Павлодар қаласы дизайн-кодының созбаққа салынып келуінің сыры неде
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодардың дизайн-кодын әзірлеу 2022 жылы жоспарланғанымен, ол тұста билік мемлекеттік сатып алудан бас тартты. Дегенмен құжат қазіргі күні бар.

Назар Жұмабеков сәулет саласында біраз жылдан бері еңбек етеді. Маманның пікірінше, шаһарда көрікті нысандар жеткілікті, соның ішінде тұтастай Қазақстанға танымал Мәшһүр Жүсіп мешіті мен Благовещенский соборы бар.
- Өздеріне тиесілі ғимараттарды жүдеу кейіпте ұстайтын тұрғындарға, кәсіпкерлерге айтарымыз баршылық. Мәселе әлгі нысандарды ұстап тұруға қатысты, ол әуел баста эскиздік жобаға сәйкес әдемі күйінде тапсырылады, алайда біраз уақыттан соң сыртына жарнама толып кетеді. Қаптама плиталары сына бастайды. Бұл тұрғыда хабарландыру формаларын ойлап тапқан жөн деп ойлаймын. Өзім қаланың сәулет бөлімінде жұмыс істеген уақытта бізбен бірге мұндай сәттерде полиция да жұмылатын, - дейді Назар Жұмабеков.

Қазақстанда бірыңғай сәулеттік келбет ұғымын енгізудің тәжірибесі бар. Алматыда 2023 жылы дизайн-код деп аталған құжат қабылданды. Мамандардың ойынша, ұсақ-түйек мәселелер түгелдей қамтылған мұндай құжатты барлық қалаларда қабылдауға болады.
- Дизайн код керек. Онда әр көшенің дизайны анықталуы тиіс, мысал үшін тарихи Астана көшесі немесе Академик Сәтбаев көшесі біркелкі стильде болғаны абзал. Ал форматтың өзі қолжетімді болғаны жөн, кәсіпкерлер үшін қол жетпес қамалдай болып көрінбеуі керек. Оларды қайдағы бір шеңбер аясына тығып қоюға болмайды, - деп қосты ол.
Негізі Павлодар билігі дизайн-код туралы 2022 жылы ойлай бастаған еді. Мемлекеттік сатып алулар порталында құжатты әзірлеуге қатысты лот пайда болды. Бірақ ақыр-соңы конкурс өткізілмеді.

Сәулет және қала құрылысы бөлімі қазіргі жағдайға қатысты түсінік берді.
- Қазіргі күні қаланың дизайн-коды бар, бірақ ол қандай да бір құқықтық құжатпен бекітілмеген. Біз оны басшылыққа ала алмаймыз, себебі заң жүзінде бекітілмеген соң белгілі бір іс-шаралар қабылдауға құқығымыз жоқ. Қолданыстағы заңнама мүмкіндігімізді шектейді. Яғни дизайн-кодты қабылдауға біздің құзыретіміз жоқ. Астана мен Алматы айрықша қала мәртебесіне ие болғандықтан олар заңнама аясында әрекет етіп отыр, - деп түсіндірді Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Тимур Сейітқалиев.

Жоғарыдағы жағдайды ескерсек, шенеуніктердің құзыретіне жатпайтын кейбір жайттарды құрылыс салушыларға тыйым ретінде ескертуге болмайды. Егер ешбір заң бұзушылық байқалмаса жобаны бекітуге міндетті. Әрі болашақ ғимараттардың сыртқы келбеті басым міндеттер тізімінде қарастырылмаған.
- Біздің қалада бірыңғай сәулеттік келбет деген ұғым бар, тұтастай алғанда оны кәсіпкерлер мейлінше ескеруі үшін тырысамыз. Былайша айтқанда, егер бір аумақта көпқабатты тұрғын үй ақшыл сары түске боялса, біз жауапты адамдарға оның сырт көзге алабажақ болып көрінбеуіне көңіл аударуы керек екенін хабарлаймыз, - деп қосты бөлім өкілі.


2024 жылы қаладағы орталық көшелердің бірін қайта жаңартуға шешім қабылданған. Лермонтов көшесінің жаңа келбетін Алматы урбанистері ұсынды. Мұнда автобустар мен велосипедшілер үшін жеке жол жолағы қарастырылды. Жаяу жүргіншілер жолдарына демалыс аймақтарын, субұрқақтарды қосты. Бұл әзірше Павлодардағы көшені бірыңғай стильде жасаудың жалғыз ғана талпынысы екенін айтуымыз керек. Алайда сыртқы келбетін тұтастай өзгерту мүмкін емес. Кәсіптік нысандардағы жарнамалық түрлі маңдайшалар, баннерлер, түсті палитралар бәрібір өзгеріссіз қалып отыр.
- Сәулет қайдағы бір жеке ұстаным, көзқарастардан бастау ала алмайды. Дизайн-код бұл – құжат. Бас тартылған шешімдердің барлығын кәсіпкерлер палатасы, прокуратура және т.б. тексереді. Дизайн-кодта барлығы жазылады: төселетін кеспе тастар, жол жабынынан бастап, қасбеттің түсі мен өңі, қаптама материалдары, маңдайшалар, көгалдандыру, шағын пішіндер де бар, - дейді сәулетші Назар Жұмабеков.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Алматының атаулы құжаты бекітілді.
Кейін Алматының дизайн-кодына сәйкес келмейтін маңдайшалар мен баннерлер алынды.
Ал былтыр жазда Астана қаласының дизайн-коды әзірленіп жатқаны туралы белгілі болды.
Сондай-ақ 2024 жылы Түркістанның жеке дизайн-коды енгізілетіні туралы жазғанбыз.
Павлодарлық сәулетшілер мұндай құжат әрбір аймақта, кемі облыс орталығында болуы керек деп есептейді.