09:34, 03 Қазан 2012 | GMT +5
Павлодар қаласының №40 мектебінде қазандықтың жарылу себептерін арнайы комиссия анықтауда
ПАВЛОДАР. 3 қазан. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының №40 мектебінде қазандықтың жарылу себептерін арнайы комиссия анықтауда, деп хабарланды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Төтенше жағдай орнында қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов болды. Ол мектепті шұғыл арада резервті қазандыққа қосып, жөндеу жұмыстарын өткізуге сметаны дайындауға тапсырма берді.
Бұған дейін хабарланғандай, қала сыртындағы Павлодар ауылында №40 орта мектептің қазандығы жарылды. Мектептің қызметкері - 62 жастағы санитарлық техник көз жұмды.
Қазандықтың жалпы аумағы 166 шаршы метрді құрайды, нысанды тапсыру кезінде оның құны 26 млн. теңге болды. Төтенше жағдайдың салдарынан мекеменің қабырғалары бұзылып, шатыр жартылай зақымдалды.
Мектеп жабдықты іске қоспас бұрын тексеру актісін және жылу маусымын бастауға рұқсат алған болатын.