Павлодар кәсіпорындары жасанды интеллектіні өндіріске тиімді енгізіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында энергетика, металлургия, мұнай-химия және машина жасау салаларындағы жетекші кәсіпорындар шоғырланған. Бұл кәсіпорындар ішкі және сыртқы нарыққа жанармай, электр энергиясы, алюминий және көмір жеткізеді.

Облыс әкімі Асайын Байханов өңір дамуының басым бағыттары Мемлекет басшысының 2022 жылғы жұмыс сапарында айқындалғанын айтады.

- Біріншісі – өңір экономикасын әртараптандыру және дамыту. Екіншісі – адами капиталды дамыту. Үшіншісі – экологиялық ахуалды жақсарту. Төртіншісі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Ал бесінші бағыт – тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру, - дейді ол.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС жөндеу-механикалық цехінің басшысы Жасұлан Айдарғалин 2011–2017 жылдардағы ауқымды жаңғырту кәсіпорынның жұмысына жаңа серпін бергенін айтады.

- Екі технологиялық нысан салынып, пайдалануға берілді. Олар – нафта сплиттерінен изомерлеу қондырғысы және күкірт өндіру кешені. Нафта сплиттерінен изомерлеу қондырғысы төмен октанды бензинді, мұнайдың бензин фракцияларын қайта өңдеп, жоғары октанды бензинге айналдырады. Бұл заманауи іштен жанатын қозғалтқыштарға аса қажет. Жанармайдың экологиялық класын КА-2-ден КА-4-ке көтеру мұнай өнімдерін тереңірек тазалауды талап етті. Осы нәтижеге жетуде жаңа күкірт өндіру кешені шешуші рөл атқарды, - дейді Жасұлан Айдарғалин

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ электродтар өндірісі цехінің басшысы Ринат Қапанов 2023 жылы күйдіру пешіне күрделі жөндеу жүргізілгенін айтады.

- 2024 жылы пештің от жағатын қондырғылары толықтай жаңғыртылды. Қазір біздің пеш толық жаңарды деуге болады. Қазір әлемдік үрдістерге сай режимде жұмыс істеп тұр. Сондықтан әр учаскеде, әр цехта автоматтандыру мен жетілдіру жүріп жатыр, - дейді цех басшысы.
«Богатырь Көмір» ЖШС өкілі Асылбек Нұрғалиев бұл кәсіпорында да заманға сай жетілдіру жұмыстары үздіксіз процеске айналғанын айтады.

- Жыл сайын автосамосвалдар паркі жаңартылып отырады. Былтыр Hitachi EH1700 санатындағы самосвалдар мен 5 техника сатып алдық. Біздің көлік паркі жыл сайын толықтырылып, жаңарып отырады. Бұл өндіріс көлемінің арттырады. Қазір жолдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, барлығы осы самосвалдарға бейімделген. Біздің кеніштің өнімділігі жыл сайын артып келеді, - дейді ол.

«Компания Нефтехим LTD» ЖШС техникалық директоры Сергей Дадыка кәсіпорында жаңа маркалы полипропилен мен оның негізіндегі компаундтарды игеру көзделіп отырғанын мәлім етті.

- Сонымен қатар өндірісті цифрландыру бойынша бірқатар қадам жасалып жатыр. Оның ішінде бірыңғай диспетчерлік басқару пультін құру қарастырылған. Кәсіпорын қайталама пластиктерді қайта өңдеу және олардан өнім шығару шараларын күшейтіп жатыр, - дейді зауыт басшысы.
Павлодар мұнай-химия зауыты – Қазақстан халқын жанармаймен қамтамасыз етіп отырған үш ірі зауыттың бірі. Зауыттағы құрылыс-жөндеу цехінің басшысы Әлібек Қожасов кәсіпорын сарқынды суды барынша қайта пайдалануға мүмкіндік беретін сүзу станциясы орнаталығанын, сумен жабдықтау және кәріз цехтары жаңартылғанын айтады.

Индустриялық аймақта жастарды өндіріске бейімдеу жұмысы жүйелі жүргізіледі. Себебі дәстүрлер сабақтастығы болмаса, жетекші кәсіпорындар маман тапшылығынан зардап шегуі мүмкін.

«Богатырь Көмір» ЖШС солтүстік кешенінің директоры Александр Китов компания жас мамандарды құшақ жая қарсы алатынына сендірді.
- Компанияда «Жасталап», «Өрлеу» секілді оқыту бағдарламалары бар. Жаңа қабылданған қызметкерлерді, жұмысшы мамандық иелерін инженерлік-техникалық қызметкерлерге қайта даярлау жүргізіледі. Сондай-ақ, тұрғын үйге қатысты бағдарламаларымыз бар, пайызсыз қаржылай төлемдер қарастырылған, - дейді ол.
Ал «Energy Solutions Center» ЖШС мамандарды ұжымдағы жалақыны 30 пайызға көтеру арқылы ынталандырыпты.

- Жалақыны 30%-ға көтерумен шектелмей, кәсіподақ құрдық. Қазіргі оған барлық қызметкердің 99%-ы мүше, - дейді бас директордың орынбасары Нұрлан Жаркенов.
Өңірде дуалды оқыту жүйесі жолға қойылған. «Компания Нефтехим LTD» ЖШС басшысының полипропилен өндірісі жөніндегі орынбасары Данияр Казезов компанияда жастарға технологиялық процесті үйрететін өндірістің үздік мамандары мен тәлімгерлері бар екенін айтады.

Аймақ басшысы Асайын Байханов өңірдің кәсіби-техникалық білім беру жүйесі ең үздіктердің бірі болғанымен, заманауи технологияларды енгізу тұрғысынан жетілдіретін тұстар баршылық екенін айтып отыр.
- Қазір өндірістік алпауыттарымыз роботтандыруды дамытып, жасанды интеллектіні кеңінен енгізіп жатыр. Сондықтан біздің өңірдің кәсіби-техникалық білім беру жүйесі еңбек нарығында қалыптасып жатқан осы үрдістерге ілесуге тиіс, - дейді облыс әкімі.

Қазақстанның жетекші индустриялық орталықтарының біріне айналған қала туралы толығырақ Президент ТРК Деректі кино орталығы түсірген «Павлодар: Өңір тынысы» деректі фильмінен көре аласыздар.

Айта кетейік, Павлодарда сүт өндірісінің көлемі 31,5 мың тоннаға артты.