Павлодар көшелерінде бет-әлпетті танитын бейнекамералар орнатылып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер жолына «Мерген» бейнебақылау камералары қойылып жатыр. Ол жол қозғалысын бақылаумен қатар, адамның бет-әлпетін танып, түтін шыққанын, бөгде заттардың қалдырылғанын хабарлай алады.

Павлодар
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Павлодар облысында көшелерді бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету жүйесі басталып кетті. Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы шеңберінде «Қауіпсіз қала» үш жылдық жобасы іске асырылатын болады. Бір ғана Павлодар қаласында 3 мың камера қойылмақшы.

Центркредит, centercredit
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Жоба аясында өңір бойынша 5000-ға жуық камера орнату жоспарланған. Оның ішінде Павлодар қаласында 3000 жалпы бейнебақылау камерасы, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы желілік учаскелерде 250 аппараттық-бағдарламалық кешен, 150 қиылыста аппараттық-бағдарламалық кешендер, сондай-ақ республикалық трассалардың жол апаты жиі қайталанатын тұстарында 20 аппараттық-бағдарламалық кешен қойылады. Бейнебақылау жүйесі бойынша жобаны «Antarium Group» ЖШС ұтып алды. Компаниямен 3 жылға сервистік модель бойынша жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге шарт жасалды, — деп хабарлады өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Павлодар көшелерінде бет-әлпетті танитын бейнекамералар орнатылып жатыр
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер жолдарына қойылатын «Мерген» аппаратық-бағдарламалық камералары тану аналистикасына ие. Яғни жылдамдығын шектен тыс арттырған және бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен көлік құралдарын тіркеп, адамның бет-әлпетін тани алады. Сондай-ақ көшеде қалдырылған заттарды, түтіннің шығуын анықтайды. Тіпті көлік ішінде қауіпсіздік белбеуін тақпаған, рөлде телефонмен сөйлесіп отырған адам туралы да хабарлай алады.

Павлодар көшелерінде бет-әлпетті танитын бейнекамералар орнатылып жатыр
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Камералар ең әуелі шаһарлардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылып жатыр. Жаяу жүргіншілерді өткізбеген жүргізушілерді анықтап, әрі қарай жол полициясының тиісті мекемелеріне автоматты түрде мәлімет жібереді. Қазіргі уақытта облыс орталығында монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеткізуші компания параллель электр қуатына қосылу үшін рұқсат құжаттарын алады. Барлық камера полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғанады, — деп түсіндірді басқарма басшысы.

Камераларды орнату орындары полиция департаментімен және басқа да құқық қорғау органдарымен анықталған. Ең әуелі бейнебақылау мүлде болмаған аумақтар қамтылып жатыр.

Павлодар көшелерінде бет-әлпетті танитын бейнекамералар орнатылып жатыр
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Павлодар облысы жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев облыс орталығында көлік апаттары жиі болатын 7 жол қиылысына да «Мерген» кешендері қойылғанын жеткізді. Тәртіп сақшылары жылдамдық режимін бақылайтын камералар ықтимал апаттарды барынша азайтады деген үмітте. Кешендер Назарбаев — Торайғыров, Назарбаев — Естай, Назарбаев — Ак. Шөкин, Назарбаев — Амангелді, Елгин — Аймауытов. Елгин — Геринг, Жібек жолы — Малайсары батыр көшелері қиылыстарында орннатылған. Жақын арада жұмыс істей бастайды.

автомойка, автожуу
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстан алдағы үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек деген міндет қойғаны мәлім. 

Бұған дейін Ақсу мен Екібастұз қалаларында ертеңнен бастап автоматтық бақылау жүйелері іске қосылатынын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар