Павлодар мемлекеттік университетінде академик Шафик Шокиннің 100 жылдығына орайластырылған «Шафик Шокиннің оқулары» өтті

деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
5 қазан күні ашылған шараға ғалымның баласы, техника ғылымдарының докторы Қанат Шокин, Германиядағы Еуропалық технологиялар және басқармалар академиясының профессоры A. Сташ (Stasch), Алматыдағы Ш.Шокин атындағы Қазақ энергетикасы ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері, павлодарлық ғалымдар мен студенттер қатысты.
«Шафик Шокиннің жеке күш салуының арқасында Қазақстанда энергетика және гидроэнергетика сияқты ғылымдар дами бастады. Ол республикадағы ірі электр стансаларын құрудың, «Ертіс-Қарағанды» арнасының салынуының бастамашысы мен қатысушысы, Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының негізін құраушы және бірінші директоры болды», - деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын.
Шафик Шокиннің құрметіне облыс орталығындағы көшеге, С.Торайғыров атындағы ПМУ-гі дәрісханаға есімі берілген, университет аумағында мүсіні орнатылды.
Бүгін оқулардың қатысушылары Баянауыл мектеп-интернатындағы балалар үшін сабақтарын жүргізеді. Мұнда Ш.Шокиннің туған жерінде 100 жылдығына арналған салтанатты жиын, аймақтық айтыстың финалы және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі.