Павлодар мен Алматы арасына жаңа вагондар қатынай бастады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Алматыға пойызбен сапарлайтын жолаушылар енді  жайлы әрі кең вагондармен сапарлауға мүмкіндік алып отыр.

Павлодар мен Алматы арасына жаңа вагондар қатынай бастады
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Петропавл вагон жасау зауытында Тверь вагон жасау зауытының технологиясымен жасалған жаңа вагондар Павлодар – Алматы – Павлодар бағытында жүре бастады. Жолаушылардың тасымалдау қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында биылғы 16 желтоқсаннан бастап №31/32 «Павлодар-Алматы» жолаушылар пойызының құрамдары жаңа стандартты вагондармен жаңартылған. 

Павлодар мен Алматы арасына жаңа вагондар қатынай бастады
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Павлодардан Алматыға дейінгі жүру уақыты – 26 сағат 44 минут. Бір бағытқа билет құны: купеге сатып алса - 15 072 теңге, плацкартқа - 9 945 теңге. Әрқайсысында 15 вагоны (8 купе және 7 плацкарт) 3 пойыз құрамы жұмылдырылған.

- Жолаушылар пойыздарының қозғалысы әлеуметтік маңызы бар жолаушылардың облысаралық/ауданаралық қатынастары тізіміне және ҚР Көлік министрлігі мен тасымалдаушылар арасында жасалған, әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша тасымалдау шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Вагондарды жаңарту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында өзгерістер енгізіліп жатыр. Петропавл қаласындағы отандық вагон жасау зауытында Тверь вагон жасау зауытының технологиясымен өндірілген жолаушылар вагондар аталған бағытта жүре бастады. Жалпы «Жолаушылар тасымалы» АҚ Петропавл вагон жасау зауытымен 157 вагонды жеткізу бойынша шарт жасады. Осы келісім аясында 50 вагон жеткізіліп, №31/32 «Павлодар-Алматы» бағытына жіберілді, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев.

Жаңа вагондар ауаны баптау жүйесімен, түтін детекторларымен, биодәретханалармен және тамбурлардағы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Жолаушылардың жайлылығы үшін купелерде электр розеткалары мен USB порттары қарастырылған. Вагон сыйымдылығы: плацкартта - 52 орын, купеде - 36 орын. 

Павлодар
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Қазіргі уақытта компанияға 2 171 вагон тиесілі. 2030 жылға дейін ескірген вагондарды есептен шығару жоспарланған. Паркті жаңарту аясында жаңа вагондар сатып алынады. Соңғы 10 жылда акционерлік қоғамның вагондар паркі 50%-ға жаңартылған. Сонымен қатар, Stadler Bussnang AG компаниясымен 2025-2030 жылдар аралығында Stadler технологиясы бойынша 557 вагон сатып алу туралы келісімшарт жасалған. 

Павлодар
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Тверь вагон жасау зауытының технологиясымен жасалған вагондар бұдан бөлек, Атырау-Маңғыстау, Ақтөбе-Атырау, Павлодар-Түркістан, Астана-Семей, Алматы-Жезқазған бағыттарында қатынайды.

Еске сала кетейік, Елордадан Атбасар мен Көкшетау бағытында жаңа жылдық электропойыз жолға шықты. 

Соңғы жаңалықтар