Павлодар мен Екібастұзда ауызсуға қосылатын хлор не себепті көбейтілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Соңғы күндері Павлодар мен Екібастұз қалаларының тұрғындары краннан аққан ауызсудың тым көпіршіп, хлордың иісі шығып тұратынына шағымдана бастады. Жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бұл қажеттіліктен туындаған қадам екенін түсіндірді.

Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында бұл өзгерістің себебін былайша түсіндірді:

— ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы су тасқыны кезеңіндегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, профилактикалық іс-шаралар шеңберінде гиперхлорлауды қарастыруды ұсынды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы «Шаруашылық-ауызсу және мәдени-тұрмыстық су пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» №ҚР ДСМ-138 бұйрығының негізінде ауызсудағы хлор концентрациясын литріне 1 мл.-ге дейін арттыру қарастырылған. Яғни, біз осы бұйрық негізінде әрекет етіп, ауызсумен қамтушы мекемеге осы мөлшерді ұсындық. Су тасқыны кезеңі аяқталғанша Павлодар, Екібастұз қалаларындағы су құбыры құрылыстарында су дайындау барысында профилактикалық мақсатта гиперхлорлау жүргізіледі.
«Павлодар-Водоканал» компаниясы көктемгі су тасқыны кезінде ауызсуда қауіпті инфекциялардың көбейіп кетуінің алдын алу мақсатында суға қосылатын хлор мөлшерінің көбейтілгенін растады. Мекеме өкілдері краннан алынған суды қайнатуды және ұзақ тұндырып барып ішуді ұсынып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда мал қорымы мен зираттарға жайылған қарғын су Ертіске ағып жатқаны туралы ақпарат тарады. Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.