Павлодар музыкалық мектеп-интернатының 10 жылдық мерейтойы мерекелік карнавалмен атап өтілді

Мектеп-интернаттың директоры Виктор Денисенко мектеп өміріндегі маңызды оқиғаларды айта келе, «Оқу орны ашылған кезде мұнда 120 бала білім алғанын, бүгінде - 273, оның ішінде облыс аудандарынан 95 дарынды бала білім алып жатқанын» атап өтті.
2007 жылы мектеп оқушысы Олжас Нұрланов баян сыныбы бойынша халықаралық байқаудың алғашқы лауреаты атанған. Дарынды оқушы қазір 30 халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы.
Оқу орнында тұңғыш скрипкашылар ансамблін 2008 жылы оқытушы Яна Касьян құрған. Қазір ансамбль мүшелерінің саны бес есеге артты. Олар Қазақстан, Ресей, Қытай, Чехия, Грузия, Франция, Грекия және Италияда өткен байқауларға қатысқан. Бұл жерлерде оқушылар 200-ден астам рет жүлдемен оралды.
Осында 2011 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Шахимардан Әбіловтың вокал өнер мектебі ашылды.
Мерекелік карнавалда мектептің бірінші сынып оқушылары мен түлектері концерт қойды. Олар ұстаздарын құттықтады. Түрлі аспаптар қолдауымен өткен концерт әсерлі болды.