Павлодар облысында 100-ге тарта науқас өздеріне тиесілі әлеуметтік көмекті алмаған
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облыстық прокуратурасы медициналық ұйымдарда онкологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу бойынша заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл сараптама мүгедектік пен әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін міндетті рәсім болып саналады.
Бақылаушы органның мәліметінше, жекелеген медицина қызметкерлерінің әрекетсіздігі салдарынан ауыр халдегі пациенттер өздеріне тиесілі әлеуметтік қолдау шараларын уақытылы пайдалана алмаған. Осылайша, олардың құқықтары бұзылған.
- Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде 95 пациент медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілді. Оның ішінде 38 адамға мүгедектік дәрежесі берілді, ал 57 пациент сараптама процесінде, - делінген ведомство дерегінде.
Прокуратура ұсынысы қаралғаннан кейін жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, Павлодар өңірінде АИТВ-ның анадан балаға жұғу жағдайлары тіркелген.