Павлодар облысында 14 грант алушы бизнес-жобаларын іске асырмаған
АСТАНА. KAZINFORM- – Ертіс ауданының прокуратурасы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мемлекеттік гранттарды мақсатсыз пайдалану деректерін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 18 млн теңге қайтару қамтамасыз етілді.
Павлодар облыстық прокуратурсының хабарлауынша, мемлекеттік гранттар азаматтарға ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және басқа да салалардағы бизнес-жобаларды іске асыру үшін қайтарымсыз негізде беріледі.
Алайда 14 грант алушы өздеріне алған міндеттемелерін орындамаған. Мәлімделген бизнес-жобалар іске асырылмаған немесе ішінара ғана орындалған. Ал бөлінген қаражаттың кейбірі жеке және тұтынушылық қажеттіліктерге жұмсалған.
Бұдан бөлек, грант қаражатының жұмсалуы туралы есептер жобалардың нақты іске асырылғанын және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілгенін растамаған.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде үш талап арыз бойынша сот прокуратура талаптарын қанағаттандырды. Тағы 11 іс бойынша қаражатты қайтаруды көздейтін медиациялық келісімдер жасалды.
Осыған дейін Ақтөбеде шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 12,8 пайызға азайғаны туралы жаздық.