Ақтөбеде шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 12,8 пайызға азайды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыста 77 206 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Былтырға қарағанда кәсіпкерлік субъектісінің саны 12,8 пайыз төмендеді.

Ақтөбеде шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 12,8 пайызға азайды
Фото: Kazinform/ЖИ

Ақтөбе облыстық статистика департаментінің хабарлауынша, қазіргі кезде облыста 19 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген. Оның тек 16 мыңға жуығы жұмыс істеп тұр. Ал жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны — 77 206.

— Былтырға қарағанда биыл тоғыз айда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 12,8 пайыз төмендеді. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер саны 15,8 пайыз, шаруа немесе фермер қожалықтарының саны 7,7 пайыз, заңды тұлғалардың саны 0,9 пайыз азайды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық статистика департаменті.

Айта кетейік, елімізде 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында шағын кәсіпкерліктен бюджетке түскен салық көлемі 3,52 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 27,1%-ға көп.