Павлодар облысында 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Өңірде тұрғындардың жалпы санының кемінде 10–12 пайызын иммундау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасында хабарлағандай, ең алдымен тұмауға қарсы екпені қауіп-қатер тобындағы адамдар алады: созылмалы аурулары бар балалар мен ересектер, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, жабық мекемелердегі (мектеп-интернаттар, балалар үйі, сәбилер үйі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттар) балалар, сондай-ақ қарттар үйінің тұрғындары.
— Вакциналар орталықтандырылып Бірыңғай дистрибьютор («СК-Фармация» ЖШС) арқылы сатып алынады және оларды Павлодар облыстық Г. Сұлтанов атындағы аурухананың қоймасындағы жауапты тұлғалар қабылдайды. Жалпы саны 80 мың доза тұмауға қарсы вакцина 81 миллион теңгеге сатып алынды, — деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасы.
Жаппай иммундау 15 қыркүйектен басталады. Қауіп-қатер тобына кіретіндер үшін екпе тегін жүргізіледі, ал қалғандары вакцинациядан өз қалаулары бойынша емханаларда ақылы негізде өте алады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда алдағы эпидемиялық маусымға дайындық басталғаны хабарланған болатын.