Павлодар облысында 2 мыңға жуық гектар жерді пайдалану талаптары бұзылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Көктөбек ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне қатысты көшпелі тексеріс жүргізді.
Тексеру барысында жалпы көлемі 1991,5 гектар болатын жер учаскесінде жер пайдалану нормалары сақталмағаны белгілі болды. Көпжылдық шөптер (эспарцет) егілгеніне қарамастан, суару жүйесі орнатылмаған. Сонымен қатар учаскенің айналасы қазылып, жартылай үйінділер жасалған. Бұдан бөлек, топырақтың құнарлы қабатының жойылу фактілері тіркеліп, жердің бүлінгені анықталды.
- Бұл жағдай ҚР Жер кодексінің 65 және 140-баптарының талаптарына қайшы келеді. Тексеру қорытындысы бойынша жер пайдаланушыға нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды. Жер иесі бұл шешіммен келіспей сотқа жүгінгенімен, Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты департаменттің шешімін күшінде қалдырды. Кейін ҚР Жоғарғы Соты да оны заңды әрі негізді деп таныды, - делінген ақпаратта.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, жер талаптарын бұзушы тарапынан топырақтың құнарлы қабаты қайтадан қалпына келтірілді.
Министрлік Жер кодексінің 65-бабына сәйкес барлық жер пайдаланушылар жер телімін нысаналы мақсатына сай пайдаланып, топырақтың ластануына, тозуына және құнарлылығының төмендеуіне жол бермеуі тиіс екендігін ескертеді. Құнарлы қабатты тек қажеттілік туындаған кезде ғана алып, басқа мақсатқа пайдалануға тыйым салынады.
Айта кетейік, Жетісу облысында мемлекеттік жер қорын өз бетінше пайдалануға жол берілмеді.