Павлодар облысында 20 ауыл ішімдіктен бас тартты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қаласына қарасты 15 ауылда, Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданының төрт ауылында, сондай-ақ Тереңкөл ауданындағы бір ауылда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Нәтижесінде аталған елді мекендерге бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

ішімдіктен бас тартқан
Фото: Kazinform

Өңірде алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан елді мекендердің саны артып келеді. Қазіргі таңда өңірде 20 ауыл ішімдіктен толықтай бас тартып, дүкендерде алкоголь өнімдерінің барлық түрін сатуды тоқтатты.

— Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты 15 ауылда, Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында — әрқайсысында екі ауылдан, сондай-ақ Тереңкөл ауданында бір ауылда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Аталған елді мекендердегі барлық дүкенде алкоголь өнімдері сатылмайды. Бұл елді мекендер жасалған меморандумдарға сәйкес алкоголь өнімдерін тұтынудан түбегейлі бас тартты. Мұндай шешімдер ауыл ақсақалдары мен қоғам өкілдері қатысатын кеңестерде қабылданады, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Тұрғындардың алкогольден бас тартуы қылмыстың азаюына, құқық бұзушылықтар мен отбасылық жанжалдардың алдын алуға ықпал етеді. Соңғы жылдары аталған ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Тұрғындар алкогольден бас тартудың арқасында өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінетіндерін, елді мекендерде тәртіп пен тыныштық орнағанын атап көрсеткен.
Полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай ауылдардың саны арта түседі деп үміттенеді.

Еске сала кетейік, елімізде сағат 20:00–ден кейін алкоголь сатылмауы мүмкін екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар