Павлодар облысында 219 млн тонна өндірістік қалдық жиналып қалған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қалдықтардың басым бөлігі түсті және қара металлургия, жылу энергетикасы, пайдалы қазбаларды өндіру өнеркәсібі, мұнай өңдеу саласына тиесілі.

Өңірдегі табиғат пайдаланушылардың мәліметінше, 2024 жылы Павлодар облысы бойынша өнеркәсіп салаларына байланысты жиналған өндірістік қалдықтардың көлемі 219 млн 89,2 мың тоннаны құраған.
— Бұл қалдықтар түсті және қара металлургия, жылу энергетикасы, пайдалы қазбаларды өндіру өнеркәсібі, мұнай өңдеу салаларында қордаланып қалған. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар экологиялық Кодекстің 87 және 90-баптарына сәйкес қоршаған ортаға әсер етуге рұқсаттар алған. Яғни жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және мемлекеттік экологиялық сараптамамен келісілген кен орындарын игеру жобалары бар. Сондай-ақ, тау-кен үйінділері, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарлары және басқа нормативтік құжаттар бар. Жұмыстар келісілген жоспарларға сәйкес жүргізілуде, — дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі өнеркәсіптік қалдықтар басқармасының сарапшысы Арман Ғалымжанов.
Өткен жылы облыс кәсіпорындары табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру мақсатында 46,9 млрд теңге игерген. Жоспарланғаны 29,1 млрд теңге болса, нақты түрде бұл көрсеткіш 157%-ға орындалған.
ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексіне сәйкес, кәсіпорындар қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы алынады.
Оның бекітілген тарифтері бар. Нысан операторлары жыл сайын қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем жүргізеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, тау-кен өнеркәсібінде «Богатырь Көмір» ЖШС, «Майкүбен-Вест» ЖШС, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Ангренсор» АҚ, «Еуроазиаттық электр станциясы» АҚ қалдықтардың денін шығарып отыр.
Ал жылу энергетикасында Екібастұздағы қос ГРЭС, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның ежылу-электр стансасы, «Павлодарэнерго» АҚ-ға қарасты екі ЖЭО қалдықтардың негізгі бөлігін түзеді. Түсті металлургия бойынша қомақты көлем «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға тиесілі.
— Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту мақсатында 2025 жылдан бастап 1-санаттағы объектілер үшін ең озық қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізу қарастырылған. Қазіргі уақытта министрлік 12 ЕҚТ анықтамалығын әзірледі. Биылдан бастап 1-санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттың болуы міндетті. Экологиялық рұқсаттар болмаған жағдайда төлем мөлшерлемесінің коэффициенттері 2, 4 және 6 есе өседі (Салық кодексінің 43-9-бабына сәйкес). Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясаттың қағидаттары иерархия қағидатына негізделеді. Яғни қалдықтардың қайта болуын болдырмау, оларды қайта пайдалануға дайындау, өңдеу, кәдеге жарату, жою іс-шаралары, — дейді Арман Ғалымжанов.
Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
Сонымен қатар, жобалық шешімдер экологиялық жобаларды қарау және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру кезінде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысының экология департаментімен қарастырылады.