Павлодар облысында 50-ден астам ауыл ішімдіктен бас тартты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысындағы 51 ауылдық округте дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан. Бұл туралы облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев мәлімдеді.

Абай облысында тағы бір ауыл ауыл ішімдіктен бас тартты
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар азайған. Көшелер мен қоғамдық орындарда, алкогольдік масаң күйде, кәмелетке толмағандар және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстың да төмендегені байқалады.

– 51 ауылдық округте дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартты. Олардың әрқайсысымен үшжақты меморандум жасалды. Бұл елді мекендерде қазіргі күні ешбір құқық бұзушылық тіркелген жоқ, - дейді Азамат Күркебаев.

Өңірде жыл басынан қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені және масаң күйде жүргені үшін 9003 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 440 кәсіпкер әкімшілік жаза арқалаған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік – барша ортақ жауапкершілік. Әр азаматтың заң талаптарын адал орындауы халықтың тыныштығы мен әл-ауқатына әсер етеді.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында тағы 19 ауылдың тұрғындары ішімдіктен бас тартты.