Павлодар облысында 815 отбасы құнды қағаздар есебінен баспанамен қамтылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының билігі тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларды баспанамен қамтуға жалпы сомасы 12,8 млрд теңге болатын құнды қағаздарды бағыттап жатыр. Бұл қаражат 815 отбасын баспанамен қамтуға жетеді.

Биыл облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін 3 млрд теңге қаражат құнды қағаздар түрінде бағытталды. Бірақ бұл пәтерлерге кірген отбасылар оны сатып ала алмайды. Ал кейін сатып алу құқығы берілетін пәтерлерге одан 4 есе көп қаражат, яғни 12,8 млрд теңге бөлініп отыр.
- Біз биылғы маусым айынан бері құнды қағаздарды шығаруды қолға алдық. Мемлекеттік құнды қағаздардың жалпы сомасы – 12,8 млрд теңге. Бұл қаражатқа кезекте тұрған 815 отбасыны сатып алу құқығы берілетін баспанамен қамтимыз. Тек Павлодар қаласы бойынша құнды қағаздар арқылы 480 пәтер сатып алынуы керек, - деп хабарлады облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.
Әлеуметтік тұрғын үй құрылысына биыл бюджет қаражаты қарастырылмаған. Есесіне ипотекалық бағдарлама жақсы жұмыс істеп тұр. Яғни құрылыс компаниялары үй салады да, оны Отбасы банк арқылы ипотекаға шығарады.
Бұған дейін «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша Павлодарда 15 ауыл жаңаратынын хабарлағанбыз.