Павлодар облысында 9 мұз өткелі ашылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Май, Аққулы, Ертіс, Железин, Павлодар аудандарында мұз өткелдерін пайдалануға рұқсат берілді. Тағы төртеуі алдағы аптада Тереңкөл ауданында ашылады.

Мұз өткелі
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Өткелдердегі мұздың қалыңдығы 35-тен 70 сантиметрге дейін жетеді. Мамандардың айтуынша, мұздың қалыңдығы 25 сантиметр болған жағдайда көліктердің жүруіне рұқсат. Қазіргі күні төрт өткел автокөліктер үшін, өзгесі жаяу жүргіншілер үшін ашылып отыр.

Мұз өткелі
Фото: Павлодар облысы ТЖД

- Өңірдегі мұз жолдары негізінен мал азығы мен отын тасу үшін пайдаланылады. Май ауданында - Көктөбе мен Баскөлде, Аққулыдағы Ямышевта, Ертіс ауданында, Железинде - Башмачное мен Моисеевкада және Павлодар ауданындағы Жаңа қалада өткелдер жұмыс істеп тұр. Келесі аптада Тереңкөл ауданында тағы төртеуі ашылуы керек,-дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қыдыржан Наскенов.

Төтенше жағдай қызметкерлері мұз үстіне көлікпен шыққанда баяу жүру керектігін және тежегішті бірден баспау керектігін ескертеді. Мұзда тоқтауға, бұрылуға, өзге автокөлікті басып озуға болмайды. Мұз үстінен өтпес бұрын жолаушыларды түсіріп, қауіпсіздік белдігін шешіп тастау керек. Ал жүргізуші жақтағы есікті ашық қалдырған дұрыс.

Мұз өткелі
Фото: Павлодар облысы ТЖД

 

Соңғы жаңалықтар