Павлодар облысында автогаз тапшылығы бар ма

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінің аумағында автөлік газын сататын 97 станса бар. Олардың 13-і бүгінде көгілдір отынды талон бойынша жіберіп жатыр.

Астана
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты

Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде автогаз тапшылығы байқалмайды.

- Қазан айына бөлінген 480 тонна сұйытылған мұнай газы «Павлодар мұнай-химия зауыты» қорында бар. ПМХЗ қорында газ қалдықтары сақталып отыруына байланысты аймақта тапшылық байқалмайды. Алайда өңіріміздегі автогаз сатумен айналысатын 17 мекеменің 2-уінде сұйытылған газ қоры таусылғаны себепті, олар қазір өз жанармай стансаларында газды талон арқылы сатып жатыр. Негізі облыс бойынша газ сататын 97 станса бар болса, соның 13-і талон бойынша беріп жатыр», - деп жауап берді басқарманың тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлішер Теміртас.

Осы аптаның соңына таман қараша айына бөлінген 4925 тонна сұйытылған мұнай газын ПМХЗ-дан тасымалдау басталады деп жоспарланған. Нәтижесінде талонмен жұмыс істеп тұрған газ стансаларында жағдай тұрақталады деп күтіліп отыр.

Атап өтейік, ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығымен Павлодар облысындағы автогаз стансаларында 1 литр сұйытылған газ бағасы 81 теңге мөлшерінде бекітілген.

Бұған дейін еліміздің Энергетика министрлігі автогаз тапшылығы қалыптасып отырған батыстағы 3 өңірге қосымша газ жөнелтілетінін мәлімдеген.

 

Соңғы жаңалықтар