Павлодар облысында автожолдарды тексеру нәтижесінде 200-ге жуық ақау тіркелді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысындағы автожолдарды тексеру нәтижесінде 200-ге жуық ақау анықталып, кемшіліктерді жою бойынша полиция тарапынан 137 нұсқама берілді.

Жыл басынан бері Ертіс-Баян өңірінің полициясы 3 031 шақырым жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдардың күйін тексерді. Анықталған олқылықтар бойынша 137 нұсқама берілді.
- Автожолдарды қанағаттанарлықсыз деңгейде ұстағаны, сондай-ақ жолдарда жұмыс жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 21 лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылды. Оларға 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Мысалы, жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдар мен жол құрылыстарын күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін Ақтоғай және Тереңкөл аудандарындағы ТКШ бөлімінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар ведомстволық бағынысты учаскені күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамаған. Шенеуніктердің әрқайсысына 39 320 теңге айыппұл салынды, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Осыған ұқсас олқылықтар республикалық маңызы бар «Павлодар – Қызылорда» автожолында да кездескен. Жол пайдалану басқармасының басшысы жауапкершілікке тартылып, 36 920 теңге сомасына айыппұл арқалады.
Еске сала кетейік,былтыр жолдың сапасына қатысты 40 мыңнан астам арыз-шағым түскен болатын.