Павлодар облысында балыққа кеткен адамның өліміне не себеп болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысы Ақтоғай ауданының тұрғыны өздігінен жүретін шанаға отырып, балық аулауға кеткен. 42 жастағы азамат боранда Ертіс өзенінің мұзына шыққан. Ол адасып кеткен болуы мүмкін.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ол қатты боранда адасқанға ұқсайды.
- Балық аулауға шыққан ер адамның ұзақ уақыт оралмауынан күдіктенген туысқандары полицияға хабарласқан. Жоғалған азаматты іздеуге қызметтік иттері бар кинологтар, еріктілер және тікұшақ жұмылдырылды. Арада 13 сағат өткенде Ақтоғай ауылынан 3 шақырым жерде, Ертіс жайылмасынан ер адамның мүрдесі табылды,-деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Алдын ала болжам бойынша, ол өздігінен жүретін техникадан абайсызда құлап, шана табанында жаншылып қалған болуы керек.
Осыған дейін Павлодар облысында балық аулауға кеткен адамның денесі табылғанын жазған едік.