Павлодар облысында барлық бағыттағы жолдар жабылып, елді мекендерде жарық өшіп жатыр

Восемь участков дорог закрыли в Карагандинской области
Фото: ТЖМ

Ауа райының күрт нашарлауынан облыс аумағындағы барлық автожолдар жабылды. Баянауыл, Аққулы аудандарында жарық өшіп қалған, деп хабарлайды Kazinform.

Сұрапыл жел Павлодар облысының аумағында ойран салып жатыр. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті қатты боранға байланысты барлық бағыттағы автожолдар жабылғанын хабарлады.

Бүгін таңертең Павлодар қаласының Ломов көшесінде қуат кабелі істен шыққаны себепті үш бірдей ықшамауданда жарық сөніп қалғанын хабарлаған едік.

Түстен кейін «Солтүстік қалалық» қосалқы станциясындағы 1-секциясы апаттық жағдайда ажырады.

Осыған байланысты қаланың солтүстік бөлігінде, атап айтқанда: Назарбаев даңғылы — Лермонтов — Торайғыров — Б.Жырау көшелері шаршысында және Телеорталық ауданы мен Қамзин — Аймауытов, Торайғыров — Академик Бектұров көшелерінің шегінде электр энергиясын беру шектелді.

«ПЭТК» АҚ Шығыс кәсіпорнының жөндеу бригадасы электр энергиясын кешкі 6-ларда қалпына келтірді.

Алайда кешкілік сұрапыл жел күшейе түсіп, сағат 21.30 шамасында ЛЭП 110 кв әуе желісі электр қуатынан ажырап қалған.

Салдарынан қаланың орталық және шығыс бөліктерінде электр жарығы жоғалып кетті.

Бұған қоса қазіргі уақытта Баянауыл, Аққулы аудандарының басым бөлігі жарықсыз қалған.

Авариялық бригадалар жарықты қалпына келтіру жұмысымен шұғылданып жатыр.

Облыстық жедел штаб әзірше өңір бойынша нақты ақпарат ұсына алмайтынын мәлімдеді.

Еске салып өтейік, дауылдың салдарынан бүгін кешкілік Павлодардағы 52 млн теңгенің шыршасы құлап қалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram