Павлодар облысында экологиялық заңбұзушылықтардың көбейгені байқалып отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1,5 мыңнан астам дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 49 пайызға көп.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында өткен жылы облыста табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 015 жағдайы анықталғанын көрсеткен. Ал осы жылдың басынан бері 1 513 құқықбұзушылық тіркелген.
– Құқықбұзушылықтар бойынша былтыр 891 млн теңге айыппұл өндірілсе, биыл жыл басынан бері бюджетке 137 млн теңге түсті. Табиғат қорғау заңнамасын бұзудың ең көп таралған түрлері – аң аулау және балық аулау қағидаларын сақтамау. Мәселен, өткен жылы аң аулау ережелерін бұзудың 303 дерегі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 352-ге жеткен. Ал балық аулау қағидаларын бұзу деректері 309-дан 395-ке дейін өскені байқалып отыр, – дейді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Алмас Әбішев.
Прокуратура ұсынған деректерге сүйенсек, аталған екі санаттағы құқықбұзушылықтар барлық экологиялық заңбұзушылықтардың өткен жылы 60 пайызын, ал биыл 49 пайызын құраған.
Кәсіпкерлік субъектілері арасында экологиялық талаптарды сақтамау деректері кездеседі. Атап айтқанда, кәсіпорындар қоршаған ортаға шығарылатын эмиссиялардың белгіленген нормативтерін асырып жібереді немесе экологиялық рұқсатта көрсетілмеген көздерден зиянды заттар шығарады.
Өнеркәсіптік қалдықтарды сақтау кезінде экологиялық заңнаманы бұзудың биыл бір дерегі тіркелген.
Еске сала кетейік, Екібастұзда экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорын 70 млн теңгеге жуық айыппұл төледі.
Ал Өскеменде экологиялық паспортты әзірлеу бес жылға кешеуілдеді.