Павлодар облысында эпизоотиялық лимфангит індеті табылған ауыл карантинге жабылды

Мал індеті
Фото: ҚР Әділет министрлігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қауіпті мал індеті Екібастұздың Бесқауға ауылындағы жылқы шаруашылығынан анықталған. Бүгінге дейін дерттен 3 жануар өлген.

Бұл туралы өңірлік ветеринария басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің басшысы Самат Мажиров хабарлады.

- 2024 жылдың 14 ақпанында Екібастұз ауылдық аймағының Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылында («Қуаныш» ШҚ) 1 бас жылқы өлгені тіркелді. Жылқылар арасында эпизоотиялық лимфангит және сақау ауруларын болдырмау үшін патологиялық материал іріктеліп, зертханаға жіберілді. 19 ақпан күні зертханалық зерттеулер өлген жануарда эпизоотиялық лимфангит дерті болғанын анықтады. Табында шамамен 624 бас жылқы болған, оның 223-і – биелер, - деп мәлімдеді ветеринария басқармасының өкілі.

Елді мекенде лимфангит ауруының расталуына байланысты Қоянды ауылдық округінің әкімінің қаулысымен 20 ақпаннан жылқыларға эпизоотиялық карантин салынды. Карантиндік жағдайларда ауру жануарлардан алынған өнімдерді сатуға, тасымалдауға, әкелуге, әкетуге және пайдалануға тыйым салынады.

«Ветеринариялық-санитарлық ережелерге сәйкес ауру мал қан шығармай жойылуы керек. Өлген жануарлардың ұшасы терісімен бірге жойылады. Екібастұз қаласында жануарлардың өліктерін өртеу үшін жылжымалы өрт сөндіру қондырғысы жұмыс істейді. Жануарларды сауықтыру шаралары, сондай-ақ шаруашылықтан алып қойылған және жойылған ауру жануарлардың құнын өтеуді Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жүзеге асырады. Ал карантин соңғы ауру мал жойылғаннан кейін, жылқыларды қорытынды клиникалық тексеруден, үй-жайларды тазалаудан және дезинфекциялаудан өткізген соң 3 айдан соң алынады», - деп түсіндірді С.Мажиров.

Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Уразалимовтың айтуынша, бүгінге дейін «Қуаныш» шаруа қожалығында жұқпалы дерттен 3 бас мал өлген. 

Шаруашылықтағы өзге жануарлар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауына алынды. 

Соңғы жаңалықтар