Павлодарда хакатон қатысушыларына алаяқтыққа қарсы бағдарламалар ұсынылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Студенттер 24 сағат ішінде түрлі тақырыпта, соның ішінде интернет-алаяқтықпен күресуде бірегей қосымша жасауы керек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі. 

Павлодарда хакатон қатысушыларына алаяқтыққа қарсы бағдарламалар ұсынылды
Фото: Хакатон

Павлодарда өткен «Инновация» хакатонына еліміздің 17 облысынан, сондай-ақ Қазақстанның республикалық маңызы бар қалаларынан қатысушылар келді. Барлығы 27 команда бар.

хакатон
Фото: Хакатон

Іс-шараның ашылу салтанатына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысты. Онда аталмыш байқаудың екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғаны, бұл жолы жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылғаны атап өтілді. Мұнан соң барлық командаларға техникалық тапсырмалар берілді. 

– Хакатонның мақсаты – жастар арасында IT дағдыларын, бағдарламалау дағдыларын дамыту және тәжірибе алмасу. Бүгін хакатонның техникалық тапсырмасы берілді және 24 сағат ішінде қатысушылар жобасын әзірлеп, содан кейін оны қорғауы керек. Техникалық шарттар қазылар алқасымен бірлесіп әзірленді. Бұл цифрландырудың, киберқауіпсіздіктің, алаяқтықпен күрестің өзекті мәселелері, жас мамандарға жаңа жұмыс табу бағдарламалары, жастарға арналған түрлі әлеуметтік платформалар, - деді Павлодар облысы білім басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Өтебаев. 

хакатон
Фото: Хакатон

Тапсырманы орындау үшін қатысушыларға 24 сағат беріледі. Осы уақыт ішінде студенттер мен колледж түлектері таңдалған тақырыптардың бірі бойынша бірегей қосымша жасап, бағдарлама әзірлеуі керек. Одан кейін құрамына ҚР Білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Astana Hub халықаралық технопаркі, жоғары оқу орындары мен IT-компанияларының өкілдері кіретін қазылар алқасына жоба ұсынылады. 

– Хакатон – бұл бастапқы кезең ғана. Мұнда олар тек бағдарламалау дағдылары мен жылдамдығында бәсекелеседі. Белгілі бір техникалық мәселені қысқа мерзімде шешуі керек. Содан кейін осы жобаларды дамыта алады және әртүрлі стартап жобаларға қатысып, грант ұтып ала алады немесе шағын бизнесті дамытуға несие ала алады, - деп қосты Елнар Утубаев. 

Айта кетейік, 27 команда бақ сынап жатқан хакатонның жүлде қоры 3,5 миллион теңгені құрайды. 

Соңғы жаңалықтар