Павлодар облысында қар құрсауынан 30-ға жуық адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Түнде Ертіс ауданында «Атамекен – Ертіс – РФ шекарасы» автожолында қар құрсауында қалған адамдар мінген көліктер шығарылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Барлығы 7 адам, оның ішінде қар тазалау техникасының жүргізушісі құтқарылды. Олардың барлығы Ертіс ауылына жеткізілді. Шарбақты ауданында қар құрсауында қалған автокөлік сүйретіліп шығарылып, 6 адам Шарбақты ауылына жеткізілді.
Байет ауылына кіреберіс жолда құтқарушылар жолдан шығып кеткен көлікке көмектесіп, 4 адамды елді мекенге дейін жеткізді. Павлодар ауданында жолда қар құрсауында қалған автокөлік шығарылып, 2 жолаушы Черноярка ауылына жеткізілді.
Сондай-ақ Екібастұз қаласында құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен дәрігерлерге Құрылысшы ауылындағы төрт жастағы балаға жетуге көмектесті.
- ТЖМ азаматтарды қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс жерге шықпауға шақырады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлаған еді.