Павлодар облысында менингитке шалдыққандар қатары артты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Аталған ауруға бес жасқа дейінгі балалар көп шалдығады. Себебі, олардың иммундық жүйесі толық қалыптаспаған. 

Павлодар облысында менингитке шалдыққандар қатары арта түскен
Фото: Kazinform

Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан бері 22 адам менингитпен ауырған. Оның жартысынан көбі – балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде аурудың 19 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 11 бала бар. Яғни облыста менингитке шалдыққандар саны артқаны байқалып отыр.

– Менингит – көп жағдайда суықтан пайда болатын ауру, ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Аурудың қоздырғыштары әртүрлі болады. Індет вирус, бактерия, саңырауқұлақ немесе паразиттерден пайда болуы мүмкін. Әсіресе, менингококкты менингит өте қауіпті. Себебі, ол тез өршіп, ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.

Дәрігерлердің айтуынша, ауру ауа-тамшы жолы арқылы жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде таралады. Ауру жұққаннан кейiн ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерiлу, дауыс қарлығып, өңi бозару секiлдi инкубациялық кезең өтiп, денеде қызғылт түстi дақтар пайда болады. Дене қызуы 40 градусқа жоғарылап, бұлшық еттері ауыра бастайды. Жарыққа қарай алмай, қатты дауыстан мезі болады. Менингиттің алғашқы белгілері байқалған жағдайда науқас шұғыл түрде инфекциялық ауруханаға жатқызылуы керек.

Бұған дейін Екібастұз тұрғыны аяғына салынған инъекциядан кейін қайтыс болғаны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар