Павлодар облысында су тасқынына қарсы шаралар басталды
ПАВЛОДАР.KAZINFORM — «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде елді мекендерді қардан аршу шаралары жүріп жатыр. Жалпы көлемі 491 мың текше метр қар сыртқа төгілген.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің хабарлауынша, оқу-жаттығу барысында өткен жылдардағы су басу жағдайлары ескеріліп, қауіпті учаскелерде тасқынға қарсы жұмыстар басталып кетті.
«Облыс бойынша 40 шараны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл дегеніміз, су өткізетін құбырлар мен суағар арналарды тазарту, қар көп жиналған елді мекендерді қардан аршу. Құтқару жасақтарындағы техникалар мен құралдардың ахуалын тексеру», - деп атап өтті ол.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайды жою басқармасының бастығы Шәкір Ахметов аймақ бойынша 43 елді мекен айрықша бақылауда тұрғанын жеткізді. Оларға негізінен жазғытұрым өзендер арнасынан асқанда немесе қар жылдам ерігенде қауіп төнеді.
Қазір тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.
Баянауыл ауданы әдеттегіше су тасқыны бойынша ең қауіпті аймақтардың бірі саналып отыр. Мұнда 17 елді мекенді су басуы әбден ықтимал. Су тасқыны қаупін азайту үшін аудандағы көлтабандарды қалпына келтіру жобасы былтыр басталып кетті. Жоба құны — 5 млрд теңге.