Павлодар облысында төтенше жағдай режимі жарияланады

АСТАНА. KAZINFORM — Облыстың үш қаласында және бірқатар ауданында ТЖ режимі орнатылады, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Секундына 43 метр: Павлодар облысында бір адам қаза тауып, ондаған нысан зақымданды
Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Әкімдік мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар өңірдің бірқатар елді мекенінде соққан дауылды желдің салдарынан келтірілген залалды бағалау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Комиссиялар залал келтірілген орындарға барып, зардап шеккен азаматтардан өтініштер қабылдауды жүзеге асырады.

— Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыстың үш қаласында және бірқатар ауданында ТЖ режимі жарияланады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар 20-30 маусым аралығында апаттың салдарын жою бойынша өтініштер қабылданатын болады. Павлодарда өтінімдер келесі телефон нөмірлері арқылы қабылданады: 109, 112, 32-36-92.

— Дауылдан зардап шеккен жеке үйлердің тұрғындары — азаматтардың жекелеген санаттары үшін 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көзделген, — деп атап өтті ведомство.

Төлемді алу үшін төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:

— ТЖБ анықтамасы (6 ай бойы жарамды);
— мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;
— банктік шоттың болуы туралы хабарлама;
— жеке куәлік (көшірмесі және түпнұсқасы).

Құжаттарды тапсырып, қажетті кеңестерді келесі мекенжайлар бойынша алуға болады:

Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25 — Оpen Pavlodar фронт-кеңсесі, № 3 үстел;

Ақсу қаласы — Пушкин көшесі, 70/2;

Екібастұз қаласы — Энергетиктер көшесі, 62 тел: 34-77-04, 87757100291(WhatsApp);

Баянауыл ауданы — Баянауыл ауылы, Қ. Сәтбаев, 45. Азаматтарды қабылдау орталығы, тел: 87779393500, 87712168242, 87184091203;

Павлодар ауданы — Қайырбаев көшесі, 32., тел. 8 (705-15) 2-79-67, 32-20-89;

Май ауданы — Көктөбе ауылы, Абылайхан көшесі, 34, 87473708518.

Бұған дейін Павлодар облысындағы дауылды желдің салдарынан бір адам қаза тапты, 16 адам жарақат алғанын жазған едік. Ақсу қаласында қатты желден құлаған ағаш әйелді мерт қылды.

Сондай-ақ кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты Екібастұз энергия торабында 500 кВ электр жеткізу желісі апаттық жағдайда ажыратылды.

Соңғы жаңалықтар