Павлодар облысында тұрғын үйлерді жылуға қосу аяқталып қалды

жылу жоқ
Фото: pexels.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта Ақсу қаласындағы барлық тұрғын үйлер жылуға қосылған. Ал Павлодар мен Екібастұзда жылу беру шаралары ертеңге дейін аяқталуы керек.

Үш қаладағы әлеуметтік нысандардың барлығы бүгінде жылумен толық қамтылған. Ақсу қалалар арасында ең алғашқы болып барлық әлеуметтік мекемелерді және үйлерді жылуға қосты. 

Қазіргі сәтте Павлодар қаласындағы 1300 көппәтерлі үйдің тек 21-іне ғана жылу кірмеген. 

«Бұл үйлердің сыртқы және ішкі желілерінде апаттық жағдайлар анықталғаны себепті жылу кеш беріліп жатыр. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылумен қамту мекемесінің қызметкерлері гидравликалық және температуралық режимді реттеу үстінде. Бүгін кешке дейін барлық үйлерде жылу болады деп күтіп отырмыз. Негізі жылу беруді 9 қыркүйекте бастап кеткен едік. Бастапқы бетте әлеуметтік нысандар қамтылды», -деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Ал Екібастұз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдин шаһарда 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылып үлгергенін мәлімдеді. Қалада жалпы саны 700 тұрғын үй және 6 мыңнан астам жер үйлер орналасқан. Жер үйлердің орталық жылу көзіне қосылуына үй иелері өздері жауаптанады. Мұндағы жылуға қосу жұмыстары алдағы екі күнде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ақсу қаласы биыл жылуға қосу шараларын алғашқы болып тәмамдады. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсемгүл Ракимова 16 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандарға, 23 қыркүйектен тұрғын үйлерге жылу жіберілгенін айтады. Металлургтер шаһарында 265 тұрғын үй мен 44 әлеуметтік нысан бар.

Бұған дейін Павлодар қаласына 9 қыркүйекте жылу беріле бастайтынын хабарлағанбыз.

Биыл ҚР Үкіметі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді.

Ал Клебанов пен Кан Екібастұз ЖЭО-сын қала билігіне өткізіп берді.

Соңғы жаңалықтар
telegram