Павлодар облысында жазғы лагерьлердің бағасы қалай өзгерді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік білім беру басқармасының мәліметінше, төлем құнын айқындау кезінде балалардың толыққанды және қауіпсіз демалысы үшін қажетті шығындар кешені ескеріледі.
Павлодар облысында барлығы 11 балалар лагері бар, оның 9-ы мемлекеттік, 2-уі жекеменшік. Көпшілігі қала сыртында орналасқан. Бұл лагерьлер жалпы саны 5 мыңнан астам оқушыны қамтиды және олардың барлығы қабылдауға дайын тұр.
Лагерьлердегі төлем бағасы биыл біршама өзгергені байқалды. Жыл бұрын бұл қызмет бір бала үшін 9 800 теңгеге болса, биыл 12 650 теңгені құрап отыр.
— Төлем құнына балалардың тамақтану, тұру және жатын бөлмелерін күтіп-ұстау шығындары, педагогикалық, тәрбиелік, медициналық, қызмет көрсетуші және техникалық персоналдың еңбекақысы, білім беру, мәдени-бұқаралық, спорттық және бос уақытты ұйымдастыру іс-шараларын ұйымдастыру шығындары, медициналық сүйемелдеу және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қамтамасыз етілуі кіреді, — деп атап өтті Павлодар облысының білім беру басқармасынан.
Бұдан бөлек, жолдама құнына коммуналдық қызметтер, шаруашылық тауарларын, кеңсе тауарларын сатып алу, күзетке жұмсалатын шығындар, лагерьдің материалдық-техникалық базасын күтіп-ұстау және оған қызмет көрсету шығындары да кіреді.
Бір жыл ішінде мектеп жанындағы лагерьлердегі қызмет көрсету құны өскені анықталды, яғни бір балаға күніне 945 теңгеден 1 210 теңгеге дейін өсті. Атап өтерлігі, бұл баға барлық оқу орындары үшін бірдей. Үш мезгіл тамақтануы бар, ұзақтығы 15 күн болатын бір маусым ата-аналарға 18 мың теңгеге түседі.
Еске сала кетейік, Ертіс бойында 110 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады.