Павлодар облысында зираттар цифрланып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Зират басындағы құлпытастар суретке түсіріліп, арнайы платформаға енгізіледі. Жобаға өңір бойынша 20-ға жуық мұсылман зираты қосылады деп жоспарланған.

Зират
Фото: Kazinform

Мұсылман зираттарындағы құлпытастарды цифрлы жүйеге енгізу бұған дейін Астана және Шымкент қалаларында жүргізілген. Ендігі кезекте бірнеше облыспен бірге Павлодар өңірінде де қолға алынып жатыр. Бірыңғай платформа болашақта туыс-туғандарыңыздың жерленген жерін іздеген уақытта ыңғайлы болады.

«Біздің еріктілер зираттың басындағы құлпытасты фотоға түсіріп, базаға енгізеді. Құлпытасы бар аты-жөндер платформада тұрады. Ал жазуы өшіп қалған құлпытастар мен аты жазылмаған қабірлерді анықтау үшін зират басындағы шырақшылармен жұмыстар жүргізіледі», дейді «Қамқор-Шапағат» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы.

Әзірге Павлодар облысы бойынша 20-ға жуық мұсылман зираты жүйеге қосылады.

Бұдан бөлек, «Қамқор-Шапағат» орталығының бастамасымен «Жерлеу» қосымшасы қолданысқа енгізілмек. Онда жерлеу, ас беру, жерлеу орны, қайтыс болғаны туралы анықтамалар алуға болады. Осылайша зират көтеруде бірізділік мәдениеті қалыптасады.

Соңғы жаңалықтар