Павлодар облысындағы энергетика нысандары қысқа қаншалықты дайын
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде 476 қазандық бар. Жылыту маусымына сенімді кіру үшін жабдықтар мен отынның қажетті қоры қамтамасыз етілген.
Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыстағы 476 қазандықтың 473-і бүгінде жылуға қосылуға дайын тұр. Әзірлік 99%-ды көрсетіп отыр.
— Білім беру саласындағы — 566, денсаулық сақтау саласындағы 286 энергетикалық нысан қысқа толықтай дайын. Энергия көздерінде жылыту маусымына сенімді кіру үшін жабдықтар мен отынның қажетті қоры қамтамасыз етілген. Биыл энергия стансалардағы негізгі жабдықтардың 19-ына жөндеу жүргізілді, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.
Аймақтағы энергетикалық кешенде жалпы қуаты 8 542 МВт болатын 7 ірі электр және жылу стансалары бар. Жыл сайын олар шамамен 35 млн тонна көмір және 30 мың тонна мазут тұтынады. Көмірдің негізгі жеткізушілері — «Богатырь Көмір» ЖШС және «Шығыс» кеніші. Мазут «KCEG» ЖШС, «Матен Петролеум» ЖШС, «Бозачи нефть трейдинг» ЖШС, «Tenge Oil Gas» ЖШС және т. б. кәсіпорындармен жеткізіледі.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында қыркүйектің алғашқы онкүндігінде жылу беріле бастауы мүмкін.