Павлодар облысындағы киік саны 90 мыңнан асып кетті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда киік саны бір жазда үш есе көбейген. Қазіргі уақытта өңірдегі ақбөкендердің саны 90 мыңнан асып отыр.

Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жаунуарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан хабарлады.
— Аумағымыздағы киіктердің саны 90 мыңнан асады. Киіктердің негізгі топтары Баянауыл мен Май аудандарының далалық алқаптарында, сондай-ақ Ақсу және Екібастұз қалаларының әкімдіктеріне қарасты жерлерде шоғырланған. Биыл көктемде 155 киік аталығының өлексесі анықталып, олар жергілікті атқарушы органдар тарапынан ветеринариялық талаптарға сәйкес жойылды, - дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сәуле Мұхансалықова.
Бұған дейін қырдағы кейбір шабындықтарды киік жапырып кеткені туралы жазғанбыз.
Алайда инспекция мамандары түз жануарларының ауыл шаруашылығы алқаптарын таптап кету деректері тіркелмегенін айтады.
Павлодар облысы аумағын мекендейтін киіктер Бетпақдала популяциясына жататынын айтуымыз керек.
Биылғы мамыр айында Павлодар облысында 30 мыңнан аса киік бар екені туралы жазғанбыз Бұған қарап бір жазда киік саны 3 есе артқанын біле аламыз.