Павлодар облысындағы құрылысы созылып кеткен 5 нысан жіті назарда – Антикор
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ақсу қаласындағы орталық қазандық, Баянауылдың Жұмат Шанин ауылындағы ауыз су құбыры, Ақсу қаласындағы 9 қабатты үй құрылыстарын Антикор қызметі назарда ұстап отыр. Бұған қоса, Павлодардың әуежай қалашығындағы 2 нысанның құрылысы «сақалды» құрылысқа айналып үлгерген.

Құрылысына 11 млрд теңге жұмсалған Ақсудағы энергетикалық нысан 2019 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Алайда қазандық жобасындағы әу баста жіберілген кемшіліктер оған мүмкіндік бермей отыр. Мердігер «KBI Energy» былтыр құжаттамаларын түзетіп, «Мемлекеттіксараптама» РМК-ның оң қорытындысын алған. Дейтұрғанмен, бұл қазандықтың күл шығару жүйесіндегі технологиялар әлі де жетілдіруді қажет етеді. Жаңа кәсіпорынды іске қосу жұмыстары шамамен сәуір-мамыр айларында жүргізілуі мүмкін.
Ал 394 млн теңгені ұтып алған «Көлсай Строй» ЖШС 3 жылдан бері аядай ғана ауылға ауыз су құбырын тарта алмай отыр. Жұмат Шанин ауылының тұрғындары өздері қазып алған жеке құдықтарының суын қанағат тұтуға мәжбүр. Елді мекенде қазір небәрі 80-ге жуық үй бар. Санитариялық органдар мұндағы ауыз судың нормасы талапқа сай емес екенін ескертіп келеді. Алайда «Көлсай Строй» компаниясы асығар емес. Анықтағанымыздай, серіктестіктің өзі Шымкентте орналасқан. Жазда жер қазу жұмыстарына пайдаланылған техникалар Қарағанды қаласынан жалданып алыныпты. Қазір қысқа байланысты құрылыс жұмыстары толық тоқтап тұр. Нысанның пайдалануға берілетін мерзімі әзірге белгісіз.

«Ақсудағы қазандық пен Баянауылдағы ауыз су құбыры жобаларынан бөлек, Ақсудағы көпқабатты үйдің, облыс орталығындағы әуежай қалашығы бойынша 2 нысанның құрылысы мерзімінен қатты кешігіп жатыр. Бұл нысандарды қазір өз бақылауымызда ұстап отырмыз. Жалпы былтыр республика бойынша 156 проблемалы құрылыс нысаны анықталған. Соның ішінде біздің өңірлік департамент 10 «сақалды» құрылыс нысанын бақылауға алған. Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өткен жылы 5 маңызды нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Олар – Баянауылдағы 4 ауыз су құбыры жобасы және Павлодар қаласындағы №28 көпқабатты үй», - деп мәлім етті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінен.