Павлодар облысының елді мекендерін тышқан басып барады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының елді мекендерінде кәдімгі үй тышқандары шамадан тыс көбейіп кеткен. Қоражайдан бөлек, үйлерге кіріп, тұрғындардың мазасын алып тұр.

тышқандар
Фото: Болат Аманбаев

Кеміргіштердің қаптап кеткеніне әсіресе, Ертіс, Железин, Май, Тереңкөл, Павлодар аудандарының халқы алаңдап отыр. Ауыл адамдары қақпан, тұзақ құрып, аулап баққанымен саны одан сайын өсіп жатыр.

Железин ауданындағы Веселая роща ауылының тұрғыны Аманжол Хамиттың айтуынша, кеміргіш жануардың күрт көбеюі биылғы қыркүйек айынан байқала бастаған.

- Үйімізде тышқан деген көбейіп кетті. Тұзақ құрып, қаншамасын ұстап жойып жатсақ та азаяр емес. Қазір ауыл ішіндегі көшенің өзінде тышқандар ойнақ салып жүреді. Мысықтар әбден тойынып, аулағысы да келмейтіні байқалады. Бұл жағдай үйінде қысқа азық ұстайтын адамдарға, қоймасында астық сақтайтын фермерлерге қиын соғатын түрі бар. Жағдай бұлай жалғаса беретін болса, өңірде эпидемиологиялық жағдай ушығып, жұқпалы дерт тарауы да мүмкін. Оның соңы жақсы болмайды. Тышқандардың әдеттен тыс қаптап кетуін өмірімде бірінші рет ұшырастырып отырмын. Орыс халқы ертеде кеміргіштер көбейсе, «үлкен аштық келе жатыр» деп ырымдайды екен. Құдай бетін аулақ қылсын. Бірақ бұл жағдайға мемлекеттік органдар назар аударып, оларды улау, жою шараларымен айналысуы керек. Эпидемиолог мамандар жануарлардың шамадан тыс көбеюінің себебін зерделеп көргені дұрыс, - дейді тұрғын.

тышқандар
Фото: Болат Аманбаев

Ал Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова әзірше тұрғындар тарапынан шағым түспегенін жеткізді.

- Тышқан қаптап кетті деген Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандарына хабарласып, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшыларына сұрау салдым. Олар жағдайдың қалыпты екенін жеткізді. Тұрғындар тарапынан да ешбір шағым болмаған. Кеміргіштер шын мәнінде көбейіп жатса, өңірлерде оларды жою, алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұған қатысты санитарлық талаптар мен нормалар бар,-дейді ол.

Тышқандар — тез жетілетін, өсімтал жануарлар. Қоректік азық мол болып, қолайлы жағдай туса, кейбір түрлері жыл бойы көбейе береді.

Соңғы жаңалықтар