Павлодар облысының прокуратурасы 6,5 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы прокуратура өкілдері 32 млрд теңге мөлшеріндегі заңсыз мемлекеттік сатып алуларды тоқтатты, деп хабарлайды Павлодар облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бүгін Қазақстанда Прокуратура күні аталып өтеді
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Бұл туралы прокуратура 2025 жылғы жылғы қадағалау қызметінің қорытындысына сәйкес мәлім етті.

Қорытынды құжаттағы мәліметтерге қарағанда, прокуратура мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғау мақсатында бюджеттің 24,1 млрд теңгесінің негізсіз жұмсалуының алдын алған. Сондай-ақ 3 млрд теңге көлемінде залалды өндіріп, 6,5 млрд теңге сомасындағы мүлікті қайтарған, сонымен қатар 1 млрд теңге айыппұл өндіріп алған.

-Бюджет қаражатын жұмсау кезінде анықталған заңсыз әрекеттер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Мысалы, Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін аяқталмаған пәтерлерді сатып алғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оның алдындағы басшыға және мердігерге қатысты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы кезінде орындалмаған жұмыстар үшін 451 млн теңге төлеу фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр.

Цифрландыру саласында, оның ішінде ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету барысында 150 млн теңге көлемінде қаржы жымқыру фактісі анықталды,-делінген хабарламада.

Күдіктілер қамауда, облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Жалпы алғанда, 160 адам түрлі әрекеттер бойынша жауапқа тартылды. 11 адамға қатысты айыптау үкімдері шығарылды. Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы қадағалау жұмыстары жалғаса бермек.

Осыған дейін Ақмола облысында прокуратураның ықпалымен мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы ұлғайғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар