13:57, 13 Қаңтар 2015 | GMT +5
Павлодар облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Т.Бастеновтің қамалу мерзімі 17 ақпанға дейін ұзартылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы әкімінің бұнынғы кеңесшісі Төлеген Бастеновтің ісі бойынша тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанына бір жылдан асты.
Павлодардың №2 сотынан хабарлағандай, прокуратурамен келісілген тергеу өтініші бойынша айыпталушының қамауда болу мерзімі 17 ақпанға дейін ұзартылды. Еске сала кетейік, Т.Бастенов 2013 жылы 10 желтоқсанда ұсталған. Ол семейлік құрылыс фирмасынан Павлодарда 1200 орынға шақталған мектепті салуға мемлекеттік тапсырыс алып беруге 10 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталып отыр. Пара берген деген күдікті де қамауға алынды. Облыс әкімінің кеңесшісі қызметінде Т.Бастенов бірнеше ай ғана істеген. Оған дейін Павлодар ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.