Павлодар облысында 70-тен астам автобус жүргізушісі рульде отырып, фильмдер көрген

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының тәртіп сақшылары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп өткізген «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жолаушылар көлігі жүргізушілерінің 400-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысында 70-тен астам автобус жүргізушісі рульде отырып, фильмдер көрген

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оның басым бөлігі - маневр ережелерін бұзу, 90 жүргізуші жазаланып, 71-і көлік басқару кезінде ұялы телефондардан фильмдер көрген. Көбі техникалық тексеруден өтпеген және автобусты заңсыз қайта жабдықтаған.
- Мысалы, полицейлер Павлодар - Қызылорда автожолында заңсыз қайта жабдықталған ГАЗ 2217-404 маркалы көлікті тоқтатты. Автобусты пайдалануға тыйым салынып, мемлекеттік нөмір белгісін алынды және жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізді. Ал Павлодар қаласында Торговая көшесі, 4 мекенжайы бойынша «Тойота» маркалы көлік құралын басқарып, кептеліс жасаған жүргізуші ұсталды. Соңғысына қатысты ҚР ӘҚБК 594-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыс кезінде қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін ГАЗ-А65 маркалы маршруттық таксидің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі бойынша жаза қолданылды, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалым Сарғұлов.

Түрлі бұзушылықтар үшін мамандандырылған айып тұрағына 23 автобус қойылды, 28 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері 244 автобустың техникалық сәйкестігін тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар үшін автопарктердің 15 лауазымды тұлғасына қатысты ҚР ӘҚБК 617-бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
Айта кетейік, «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы 2022 жылдың 2 наурызында аяқталады.