Павлодар облысында берешегін төлемегендердің көлігі айыппұл тұрағына қойылуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысында облысында жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл төлету тәртіптері қарастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысында берешегін төлемегендердің көлігі айыппұл тұрағына қойылуда

Полиция қызметкерлері мәліметтер базасы арқылы көшеде айыппұлы бар көліктерді анықтайды. Бұл ретте айыппұлы бар жүргізушілер берешегін құқық қорғаушылардың қызметтік көліктеріне орналастырылған посттерминалдар арқылы айыппұлды бірден төлей алатынын айта кету керек.

«Әкімшілік айыппұлды төлемеген жағдайда автокөлік арнайы айыппұл тұрағына жеткізіледі», - деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дулат Төкенов.

Рейдтік шараларды жол үстінде ғана емес, айыппұлдан қашып жүргендердің мекенжайы бойынша да жүргізу жоспарланған.

Жалпы биыл павлодарлық полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған жүргізушілерге 81 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Оның 40 млн теңгесі төленген. Ал әкімшілік құқықбұзушылық үшін қарыз 206 млн теңгеге жеткен.