Павлодар облысында бюджеттік қаражатты жымқырған спорт мектебінің есепшісі бас бостандығынан айырылды

Іс материалына сүйенсек, облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Железин ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бас есепшісі А.Чугунова мекеменің атынан электрондық құжаттарға қол қою құқығы мен кілттерге иелік етуін пайдаланып, республика банктерінің бірінде «Заңды тұлғалар үшін интернет-банкинг» жүйесінде 2011-2014 жылдар аралығында спорт мектебінің есеп шотына түскен қаржыландыруға бөлінген ақша қаражатын иеленген.
Осылайша, келтірілген залалдың ортақ сомасы 8 635 605 теңгені құрады.
- Нәтижесінде, сот үкімімен А.Чугунова ҚР ҚК-нің 176-бабы 4-бөлігінің «б» тармақшасына сәйкес, қылмыс жасаған үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ, оның мүлкін тәркілеумен үш жыл мерзімге қаржы саласында лауазымды қызмет атқару құқығынан және жеті жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен А.Чугуноваға қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды, - деп жазылған хабарламада.